Ақтауда үш баласын өлтірген ер адамға қатысты тың дерек шықты

Сатушы Ақтауда үш баласын өлтірді деген ер адам туралы күтпеген дерек айтты, деп хабарлайды Paryz.kz ақпарат агенттігі Massaget.kz сайтына сілтеме жасап. 

Ақтауда үш баласын өлтірген ер адамға қатысты тың дерек шықты
фото: Полиция департаментінен

«Koremiz» бағдарламасы арнайы Ақтау қаласына барып, үш баласын өлтірді деген күдікке ілінген ер адамға қатысты деректер жинаған. Бағдарлама тілшілері дүкендегі сатушыға күдіктінің суретін көрсеткенде саудагер әйел оны бірден таныған. Себебі күдікті қайғылы оқиға болардан бір апта бұрын дүкенге ұрлыққа түскен екен. 

«Қасында бір бала бар. Түскі ас уақытында қызымды 10-15 минутқа дүкенге қойып кеткен болатынмын. Сол аралықта екеуі қызымды алдап, «әкеңді танимын, қазір әкеңнің телефонына ақша аударамын» деп кассадағы ақшаны алып кеткен. Қызым қорыққаннан ақшаны бере салған", - дейді дүкендегі сатушы. 

Алайда ақша ұрлағандар саудагердің сөзін жала деп төбелесіп кеткен. 

«Жолдасым сыртта сөйлесіп тұрды. Екеуі «ешқандай ақша алған жоқпыз» деп мойындамай, жолдасым екеуі сөзге келіспей қалды. Ол қалтасынан пышақ алып, жолдасыма пышақ кезеді. Сол жерде тұрған учаскелік инспекторлар ажыратып алды», - дейді саудагер әйел. 

Еске салайық, 24 наурызда Ақтаудағы жантүршігерлік жайт болды. Ақтаудағы 27-шағынауданда орналасқан пәтерден зорлықпен өлім белгілері бар күйінде жасөспірімдер табылды. 2011, 2014 және 2016 жылы туған кәмелетке толмағандарды өлтірді деген күдік бойынша полиция қызметкерлері 36 жастағы әкесін ұстаған еді.