«Түсінбей қалдым: Шымкентте жүргізушісі жоқ автобус апатынан аман қалған жасөспірім оқиға туралы айтып берді

Шымкенттегі жүргізушісі жоқ автобус апатынан аман қалған жалғыз жаяу жүргінші оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтты. Автобус қаққан алты адамның бірі жәдел жәрдем көлігінде есін жиған, деп жазады  Paryz.kz KAZ.NUR.KZ-ке сілтеме жасап.

«Түсінбей қалдым: Шымкентте жүргізушісі жоқ автобус апатынан аман қалған жасөспірім оқиға туралы айтып берді
Фото: видеодан скриншот

Ауруханада ем алып жатқан мектеп оқушысы Көреміз бағдарламасының тілшісіне сұхбат берді.

"Мен көшеден құрбымды жолықтырып қалдым. Кездейсоқ болды. Ол да бір жаққа кетіп бара жатыр екен. Енді амандасып, сөйлесіп тұрғанымда... түсінбей қалдым. Есімде жоқ болған оқиға. Есімді жедел жәрдем көлігінің ішінде жидым. Сәл өзіме келген екенмін. Аяқ киімім жоқ екенін сезіп, "аяқ киімім қайда" деп сұрағаным есімде. "Телефоныңды аш, анаңа хабарласамыз", - деді (фельдшер - ред. еск.).

Сол кезде "не болып жатыр өзі, түсінбей қалдым деп, паника болдым. Тек екі күн бұрын ғана құрбымның анасы қызынан айырылып қалғанын айтқан кезде бәріне "шындықты айтсаңдаршы" деп ұрыстым. "Сен ғана жалғыз қалдың, қалғанының бәрі қайтыс болды" деп айтты. Марқұмдардың жатқан жері жайлы болсын", - дейді аман қалған оқушы.

Еске салсақ, 8 сәуірде Шымкенттегі "Метро" сауда үйінің жанындағы екі көшенің қиылысында жүргізушіcі жоқ автобус қарсы бағытқа шығып кетіп, бағдаршамның жасыл түсін күтіп тұрған алты адамды қағып кеткен еді. Осы қайғылы жағдайдан 5 адам қаза тапты. Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды.