Алматы облысында 14 жастағы балалар көлік ұрлап кетті

Бір сағат ішінде ұрланған көліктің автомобиль базары маңында тұрғаны анықталды.

Алматы облысында 14 жастағы балалар көлік ұрлап кетті
фото: ашық дереккөз

Алматы облысында екі жасөспірім Toyota Camry көлігін ұрлап кетті, деп хабарлады paryz.kz.

Райымбек ауылының 33 жастағы тұрғыны өзінің Toyota Camry көлігі ұрланғандығы туралы арызбен Қарасай аудандық ПБ кезекші бөліміне жүгінген. Жәбірленушінің айтуынша, ол шай ішу үшін үйіне кіріпті. Аз уақытта "жүрек жалғап" қайта шыққанда, көлігі орнында болмаған.

Полицейлердің айтуынша, кезекшінің, тергеушінің, жедел уәкілдің, криминалистің және патрульдік полиция жасағының құрамындағы жедел-тергеу тобының жылдам іс-қимылдары нәтижесінде, бір сағат ішінде ұрланған көліктің автомобиль базары маңында тұрғаны анықталды. Салонда Алматыда тұратын 14 жастағы екі жасөспірім отырған. Олар ұрлық жасағандарын мойындап, көлікпен тек қыдырғысы келгендерін жеткізіпті. Қазіргі уақытта Қылмыстық Кодекстің 200-бабы, 2-бөлімі бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.