Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

200 мың долларға киім сатып алған ұрылар ұсталды

Полиция қызметкерлері түрлі нұсқа мен күдіктілер тобын зерттеп, қылмыстық топтың ізіне түскен.

200 мың долларға киім сатып алған ұрылар ұсталды
Фото: polisia.kz

Алматы облысындағы тас жолда кетіп бара жатқан автокөлікке тұтқиылдан шабуыл жасалды, деп хабарлады paryz.kz, облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

8 желтоқсанда Жамбыл облысының 47 жастағы тұрғыны өзіне жасалған қарақшылық шабуыл туралы полицияға шағым түсірді. Жәбірленушінің айтуынша, ол досымен көлікке отырып, Алматы-Бішкек тас жолында достарының қомақты ақшасын жеткізіп беруге бара жатқан.

"Самсы ауылының шетіне ілінгенде жәбірленушінің көлігін Nissan Cefiro көлігі келіп соғады. Осыдан кейін бетіне медициналық бетперде таққан үш ер адам жәбірленушіні пышақпен қорқытып, оның көлігін мініп кетеді. Ал көлікте үлкен сомадағы ақша болған. Тонау фактісі бойынша ҚР Қылмыстық Кодексі 192-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Екі көлікті де басбұзарлар Самсы ауылына тастап кеткен", - деді Алматы облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Асхат Данияр.

Полиция қызметкерлері түрлі нұсқа мен күдіктілер тобын зерттеп, қылмыстық топтың ізіне түскен. Олардың 27, 31 және 37 жастағы Алматы қаласының тұрғындары екені белгілі болды.

17 желтоқсанда Алматы облысының криминалдық полиция қызметкерлері арнайы жасақ жауынгерлерінің қатысуымен арнайы операция кезінде күдіктілерді ұстады. Сотқа дейінгі тергеу барысында алынған бұлтартпас дәлелдемелерді ұсынғаннан кейін олардың барлығы ерекше ауыр қылмыс жасағандарын мойындады.

"Тергеу барысында ұсталғандар элиталық дүкендерден қымбат киім мен аяқ киім сатып алуға 200 мың долларды жұмсағандығы анықталды. Сонымен қатар, олар ұрланған ақшаны екі Lada Priora және Land Cruiser 200 автокөліктерін сатып алуға жұмсаған. Көліктер сот тәркілеу санкциясын шығарған соң арнайы автотұраққа орналастырылды. Барлық күдіктілер алдын-алу шарасы ретінде қамауға алынды. Айта кету керек, ұсталғандардың бірі ұрлық жасағаны үшін 2016 жылдың шілдесінен бері ШҚО полициясының іздеуінде болғаны анықталды", - дейді Асхат Данияр.