Текеліде психолог 7-9 сынып оқушыларына жезөкшелер туралы буклеттер таратқан

Жетісу облысы Текелі қаласының №8 мектебінде 7-9 сынып оқушыларына ересектерге арналған буклеттер таратылған.

Текеліде психолог 7-9 сынып оқушыларына жезөкшелер туралы буклеттер таратқан
фото: tengrinews.kz

Бұл ретте психолог балаларға буллинг, кибербуллинг тақырыбын түсіндіру бойынша жұмыс жүргізген. Ал ата-аналар сонда таратылған буклеттер үшін шу көтерген. Ол суреттер желіге тарап, халықтың наразылғын тудырды.

Қандай клиент туралы әңгіме болып жатыр? Клиент, жұмыс... бұл не? Жезөкшелерге көмек пе, әлде не? - деп ашуланған желі қолданушылары.

Жетісу облысы білім басқармасының мәліметінше, 7-9 сынып оқушыларымен жұмыс жүргізгенде психолог «қате» буклеттер таратқан.

«Құқықтық апта аясында Текелі қаласының №8 мектебінде 7-9 сынып оқушылары мен кәмелетке толмағандар және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия хатшысының, қалалық аурухана психологының кездесуі өтті. Қалалық аурухананың психолог-дәрігері ЖИТС орталығы бекіткен буклеттерді ұсынар кезде басқа жас топтарындағы науқастарға арналған буклеттерді қате таратқан. Осы жағдайдан кейін қалалық аурухана әкімшілігі мектеп басшылығымен бірлесіп, ата-аналармен кездесу өткізіп, кешірім сұрады», - деп түсіндірді басқарма өкілі.