Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

«5 млн теңге бермесек, базардан кетіреді»: Алматыда базар сатушылары шу шығарды

«5 миллион теңге бермесек, базардан кетіреді». Алматыда «Кенжехан» базарының 1,5 мың сатушысы осылай деп шу шығарды. Олардың айтуынша, жазда сауда нысаны күрделі жөндеуден өтеді. Ал оның ақшасын базар басшысы осындағы кәсіпкерлерден бір айдың ішінде өндіріп аламақшы екен. Бұл туралы КТК арнасы мәлім етті, деп хабарлайды Paryz.kz.

«5 млн теңге бермесек, базардан кетіреді»: Алматыда базар сатушылары шу шығарды
Фото: Azattyq Ruhy

«Тақалған кезде тағы «10 мың доллар керек» дейді. Расында бір айда 10 мың доллар іс жүзінде ешкім шығара алмайды. Ол кепіл. Бүйту керек қой, бірінші, мен өзім заңды оқығанмын, шарт әкелуі керек, әкімдік рұқсаты керек. Қызыл сызықта бар ма, жоқ па?», - дейді саудагер Қадырәлі Жұмадүрді.

Кезінде контейнерді сатып алған кәсіпкерлер тағы да шығынға батайын деп тұр. Ал бір жыл бұрын ауысқан базар басшылығы бұған бас қатырмайды дейді.

«2014 жылы 12 500 доллардан бәріміз сатып алғанбыз. Енді бүгін контейнерлерімізді кері сатып алуымыз керек екен. Мысалы, менің екі орным бар, 20 мың долларға бір айдың ішінде аяқасты тауып бере алмаймын. Өйткені алдымызда маусым келе жатыр», - дейді саудагер Ануза Дәуітова.

«Кенжехан» базары 2014 жылы ашылған. Негізінен аяқ-киім, киім-кешек және құрылыс материалдарын сатады. Екіқабатты контейнерлерден соғылған.

Саудагерлер базар әкімшілігіне шамамен 50 мың, ал оны сатып алған қожайынға 150 мың теңге төлейді. Сонда ай сайынғы төлем орташа 200 мың теңгеден асады. 

Былтыр келген жаңа басшыны ешкім көрмеген. Тегін ғана біледі. Оның орнына өзін  атқарушы директормын деген базар өкілі келген. Күрделі жөндеуге 1 600 саудагерден 5 миллион теңгеден ақша жиналатынын айтып отыр. Бұл - 8 миллиард теңге. Ал модернизацияның өзіне 10 миллиард жұмсалса, соның 80 пайызы кәсіпкерлердің қалтасынан шыққалы тұр.

«Үкімет ақша береді, бәленбай миллиард модернизацияға, қарызға деген, бірақ несиені әзірге бермей жатыр. Оған сол үшін халық өзі ақшасын шығарады. Бірақ әр адаммен келісімшарт жасаймыз», - деді «Кенжехан» базарының атқарушы директоры Ардақ Тажиев.