Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Ерлан Қошанов «Шеврон» корпорациясын жергілікті мәселелерді шешуге белсене атсалысуға шақырды

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов «Шеврон» корпорациясының Еуразиялық бөлімшесінің Басқарушы директоры Дерек Магнессті қабылдады. Тараптар компания жұмысындағы отандық үлесті арттыру және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру жөнінде пікір алмасты, деп хабарлайды Paryz.kz.

Ерлан Қошанов «Шеврон» корпорациясын жергілікті мәселелерді шешуге белсене атсалысуға шақырды
Сурет: Ж. Жұмабеков

Мәжіліс спикері корпорация басшылығын Қазақстандағы қызметінің 30 жылдығымен құттықтап, «Шеврон» еліміздегі ірі шетелдік инвестор екенін атап өтті.

Ерлан Қошанов Қазақстан Президентінің, Үкімет пен Парламенттің басты міндеті – ұлттық мүдделердің сақталуын ескере отырып, шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау екенін айтты. Осыған байланысты «Шеврон» компаниясына бірқатар ұсыныс берді. Атап айтқанда, атмосфераға тарайтын зиянды қалдықтарды азайту, мұнай химиясын дамыту, мұнай мен газ өңдеуді күшейту.

Қазақстандық үлесті арттыруға баса назар аударып, жергілікті өнімді сатып алу маңызды. Жергілікті сервистік компанияларды тарту керек. Біздің елімізде дамыған және бәсекеге қабілетті бизнес бар. Олар озық халықаралық стандарттар деңгейінде жұмыс істей алады. Бүгінде бұл бағытта біраз жұмыс атқарылып жатыр. Дегенмен, ауқымды резервтер бар. Бұдан барлық тарап ұтылмайды деп ойлаймын, – деді Мәжіліс спикері.

Ерлан Қошанов жуырдағы сайлау науқаны кезінде депутаттардың Қазақстанның батыс облыстарындағы тұрғындармен өткен кездесуінде көтерген түйткілді мәселелерге де толығырақ тоқталды. Соның бірі – Атырау облысының Доссор елді мекеніндегі және Құлсары қаласындағы апатты жағдайдағы тұрғын үй мәселесі мен халықты әлеуметтік қолдау. Бұдан бөлек, қазақстандық жұмысшыларға лайықты жағдай жасап, әділ еңбекақы төлеу, вахта мерзімін қысқарту, жергілікті кадрларды даярлауды күшейту мәселесі де кеңінен қозғалды.

Бүгінде елімізде мұнай-газ саласында білікті мамандар жетерлік. Біраз жерлесіміз шетелдің беделді оқу орындарында білім алып, трансұлттық компанияларда тәжірибе жинақтады. Осыған байланысты жергілікті мамандарға шетелдік әріптестермен бірдей жалақы төлеп, оларға сенім артуларыңызды сұраймыз, – деді Палата төрағасы. 

Өз кезегінде, Дерек Магнесс компанияның ең басты ресурсы адам екенін атап өтті. Ол жергілікті кадрларды дамытуға инвестиция салуға, сондай-ақ компания орналасқан осы аймақтың дамуына қолдау көрсетуге дайын екендігін айтты. Ол Мәжіліс Төрағасына компанияның депутаттар тарапынан айтылған барлық ұсыныстарға мұқият қарайтынын жеткізді.

Сөз соңында Ерлан Қошанов «Шеврон» компаниясының басшылығын жергілікті тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге және аймақты дамытуға белсене атсалысуға шақырды.

Кездесуге Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов (Атырау облысы), Еділ Жаңбыршин (Маңғыстау облысы) қатысты.

 

Ақпарат көзі: ҚР Мәжілісінің Баспасөз қызметі