Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

«Тепкен адамды танымаймын» Қарағандыда эскалатордан құлаған жігіт оқиғаның мән-жайын айтты

Әлеуметтік желілер Қарағандыдағы City Mall сауда-ойын-сауық орталығында болған оқыс оқиғаның бейнежазбасы тарады. Онда ер кісі эскалатормен түсіп бара жатқан азаматты аяғымен теуіп жіберіп, еденге құлатқан. Зардап шеккен жігіт оқиғаның мән-жайын айтты, деп хабарлайды Paryz.kz Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.

«Тепкен адамды танымаймын» Қарағандыда эскалатордан құлаған жігіт оқиғаның мән-жайын айтты
Фото: видеодан скриншот

11 Сәуірде Қарағандыда 25 жастағы тұрғын шаш қию үшін қаладағы ойын-сауық орталығына барған. Жігіттің айтуынша, дәретханаға кірген кезінде кабиналардың бірінен екі адамның ұрысып жатқан дауыстары шыққан. Ол екеуара жанжалға араласпаған. Алайда дәретханадан шыққаннан кейін әлгілердің бірі жас жігіттің артына түскен.

«Мен Adidas орталығының жанында тұрдым. Ол өзінен өзі маған шабуылдай бастады, біздің арамызда төбелес шықты. Мен оны еденге жығып құлаттым. Кейін бұл жігіт мені біреумен шатастырғанын айтты. Мен оны жібергеннен кейін әркім өз бағытына қарай кетті. Содан соң мен эскалатормен түсіп бара жатқан кезімде әлгі жігіт артымнан келіп аяғымен теуіп жіберді. Абырой болғанда мен екі-үш қадам жасап үлгердім де, еденге құлап түстім», - дейді зардап шеккен жігіт.

Жас жігіт еденге қатты соққымен құлағаннан кейін есінен танып қалған. Абырой болғанда миы шайқалмаған, бірақ ерні жыртылып, бірнеше тістері зақымдалды.

«Ернім әлі толық жазылмаған. Жағымның астыңғы тұсы аздап ауырды, тістерім сынған. Денемнің көгерген жерлері әлі жазылған жоқ. Басында, әрине, есеңгіреп қалдым, бірақ қазір болған жағдайды ойымнан шығаруға тырысып жүрмін. Ол адам ұсталды. Тергеу жүріп жатыр. Мен арыз жаздым, бәрі заң аясында болады. Полиция маған оның 2009 жылдан бері психоневрологиялық диспансерде есепте тұрғанын айтты. Ең бастысы, бәрі жақсы. Бастысы мен тірімін, саумын. Мен ол адамды танымаймын, оны ешқашан көрген емеспін», - деді жас жігіт.

Қарағанды облысының полиция департаменті 31 жастағы ер адамның ұсталғанын хабарлады. Ол нейропсихиатриялық диспансерде жатыр. «Бұзақылық» бабы бойынша тергеу жүргізілуде.