Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Нұр-Сұлтанда бір пәтерден бірнеше жүк көлігімен қоқыс шығарылды

Тұрғындар көршісінің кейбір дүниесін керек деп қалдырғанын, одан кейін көшеден, қоқыс орындарынан заттарды пәтеріне таси бастағанын айтқан. Кейін олардың полицияға жүгінуіне тура келді...

Нұр-Сұлтанда бір пәтерден бірнеше жүк көлігімен қоқыс шығарылды
фото: дереккөз

Нұр-Сұлтан қаласында 3 бөлмелі пәтерден бірнеше жүк көлігімен қоқыс шығарылды және үйдің құжаттары қалпына келтірілді, деп хабарлады paryz.kz.

Үйдің тұрғындары Байқоңыр ауданы полиция басқармасының учаскелік инспекторы, полиция капитаны Дәулетбек Тәңірбергеновке өздері тұратын үйде тарақан мен тышқанның көбейіп кеткені, қолқаны қабатын иіс шығатыны туралы шағымданған. Себебі олардың көршісі бірнеше жыл бойы өзінің 3 бөлмелі үйін қоқыс орнына айналдырған.

Тұрғындар көршісінің кейбір дүниесін керек деп қалдырғанын, одан кейін көшеден, қоқыс орындарынан заттарды пәтеріне таси бастағанын айтқан. Кейін олардың полицияға жүгінуіне тура келді. Себебі 3 бөлмелі пәтердің иесі ешкімге есік ашпаған. Ал сасық иіс, тарақандар мен түрлі жәндіктер тұрғындардың мазасын қашыра түскен.

Мән-жайды анықтау кезінде 53 жастағы ер адамның жалғыз тұратыны анықталды. Учаскелік полиция инспекторының көмегімен оның пәтерін тазалау жұмыстары ұйымдастырылып, үйді жинау екі күнге созылды. Нәтижесінде, оның тұратын үйінен бірнеше жүк көлігімен қоқыс шығарылған.

Үйдің тұрғындары учаскелік инспекторға көмек көрсеткені үшін алғыс айтуда. Бұған қоса, учаскелік инспектор ер адамның жеке куәлігін және әлеуметтік жәрдемақы алу үшін құжаттарын қалпына келтіруге көмектесті.