Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

БҚО-да мереке қарсаңында "құлақ" болғандарға 20 мың теңге төленбек

Өңірдің бас санитар дәрігері Мұқамғали Арыспаев Жаңа жылда үйде 5 адамға дейін ғана жиналуға рұқсат беретінін, одан көп болса, 83 мың теңгеге дейін айыппұл төлейтінін айтты...

БҚО-да мереке қарсаңында "құлақ" болғандарға 20 мың теңге төленбек
фото: ашық дереккөз

БҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде жаңажылдық кешке енгізілген ережелер туралы айтылды. Мамандар меймандар санын көршілердің көмегімен білуді жоспарлап отыр. Ақпаратты тиісті өкілдерге жеткізген азаматтар сыйақы да алуы мүмкін, деп хабарлады paryz.kz, "Уральская неделя" басылымына сілтеме жасап.

Ведомство мереке күні қазіргі барлық шектеу сақталатынын еске салды. Яғни, бұрынғыдай сағат түнгі 12-ден кейін қозғалысқа тыйым салынады. Ал қоғамдық тамақтану нысандары тек 23:00-ге дейін жұмыс істейді. Жаппай шаралар, ұжымдық кештер мен салтанатты жиындар өткізуге де рұқсат жоқ.

Өңірдің бас санитар дәрігері Мұқамғали Арыспаев Жаңа жылда үйде 5 адамға дейін ғана жиналуға рұқсат беретінін, одан көп болса, 83 мың теңгеге дейін айыппұл төлейтінін айтты. Кейінірек ақпарат түзетілді. Осылайша, бұл сан тек шақырылған қонаққа байланысты ғана айтылғаны хабарланды. Ал бір отбасы мүшелері мерекені түгел бірге қарсы ала алады.

Ендігі кезекте Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде үстел басына жиналғандардың саны қалай тексерілетіні түсіндірілді. Бұған сырттан түскен арыз көмектеседі екен. Мәселен, көршілері "тиісті ақпаратты" жеткізгені үшін сыйақы алады. Біріншіден, 102 нөміріне хабарласу керек. Егер жаппай мерекелік шара туралы мәлімет расталса, хаттама толтырылып, кінәлілер айыппұл төлейді.

"Артынша іс облыстық комиссияда қаралады. Олар хабарлаған адамға 20 мың теңге беру немесе бермеу туралы шешім қабылдайды", - деді ведомствода.

Жаңа жылды еркін тойлау тек жақын туыстарға ғана рұқсат етіледі. Ұжымдық кештер мен жиындар жайлы тек 31 желтоқсан күні ғана емес, басқа мейрам уақытында да хабарлауға болады.