Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

«Батыстағы қазба байлықтары тек Батыс халқынікі емес»: кәсіпкер жаңаөзендіктердің талабы жайлы

Белгілі меценат, Қазақстан кәсіпкерлері қауымдастығы басқарма кеңесінің төрағасы Жұмабек Жанықұлов Жаңаөзен жұмысшыларының наразылығына қатысты пікірін айтты, деп хабарлайды Paryz.kzақпарат агенттігі Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.

«Батыстағы қазба байлықтары тек Батыс халқынікі емес»: кәсіпкер жаңаөзендіктердің талабы жайлы
Коллаж: Ulysmedia.kz

“Біріншіден, батыстағы жер асты байлықтары бүкіл қазақ халқының мүлкі! Тек Батыс халқынікі емес. Басқаша айтатындар – елімізге жақсылық тілейтіндер емес. Екіншіден, батыс өңірінде шерулерді шантаж құралына айналдырып, мыңдаған адам еңбексіз айлық алып жүр. Басқа өңірлермен салыстырғанда жалақысы 2-3 есе жоғары. Бұл қаншалықты әділетті? Үшіншіден, нарықтық экономикада, егер жұмыс шарттары ұнамайтын болса, әрқашан таңдауың бар. Мысалы басқа жұмыс табу немесе басқа өңірге көшу”, – деп жазды ол желіде.

Кәсіпкердің сөзінше, кез келген компанияның мақсаты –  пайда табу.

“Әр кәсіпорын тиімді болу керек. Егер пайда таппаса, ондай кәсіпорын кімге керек?! “Өзенмұнайгаздың” дәл қазір кірісінен шығысы көп. Кез келген кәсіпорын тендерден ұтылып қалып, жұмысшыларын алаңға шығара берсе елде хаос орнайды. Бұл ел мүддесі үшін дұрыс емес деструктивті ұстаным. Әлемнің дамыған елдерінде мұндай шерулерді өткізудің механизмдері мен тәртібі орнаған. Бәрі оған бағынады, заң бұзылмайды. Түрлі келіссөздер алаңдары дамыған. Бізге де осы мәдениетті қабылдау керек”, – дейді Жанықұлов.

Ол ескі жүйенің  қателіктерін мәдениетсіз, заңсыз жолдармен түзету мүмкін еместігін атап өтті.

Еске салсақ, 10 сәуірде  Жаңаөзендегі «БерӘлі Маңғыстау Company» мекемесінің жұмыстан қысқарған 80-ге тарта жұмысшысы Астанаға келіп, Энергетика министрлігі ғимаратының алдына наразылық білдірді.

Олардың бәрі «Өзенмұнайгаз» компаниясынан жұмыс талап етті. Жұмыссыз қалған жаңаөзендіктер мәселеміз шешілмей министрлік алдынан кетпейміз деді. Олар таңды сол жерде атырды.

Бұдан бұрын Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мұнайшылардың талабы әлі айқын еместігін айтқан.

Ал премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов  жаңаөзендік жұмысшылардың тендерден ұтылған компанияның қайтадан ұтып шығуын талап етуі дұрыс еместігін мәлімдеді.

Кейіннен жұмысшылар «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басшылығы ұсынған жұмыс орындарынан бас тартқаны хабарланды.