Прямая трансляция

Астана

Астана

11°C

Бозымовтың былығына құрық бола ма?

Жақында әлеуметтік желі қолданушы Kayrat Sarynbaev Бас прокуратураның атына арнайы хат жазып, Оралдағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университетіндегі жемқорлық жағдайын ашып жазған болатын. Одан бері де құзырлы органдар тарапынан ешқандай сыбыс жоқ.

Бозымовтың былығына құрық бола ма?
фото: ашық дереккөз

Қазіргі уақытта университеттің құрметті ректоры, ректордың кеңесшісі саналатын Қазыбай Бозымовтың осы оқу орнын ресми ректор ретінде қанша жыл басқарғанынан жұрт жаңылысып қала береді. Біреулер 1996-2014 жылдар аралығында десе, екінші біреулері 2002-2014 жылдар аралығында ректор болды дейді. Жә, әңгіме қанша жыл басқарғанында емес, универсетке тиесілі қанша гектар жерді «жеп» қойғанында болып тұр. Бұл туралы қанша рет жазылып, айтылса да Қазыкеңнің қылшығы қисаймайды. Жұрт бәрінен осыған таң.

Мәселен, 2016 жылғы 4 шілдеде Abai.kz ақпарат порталында «Құрметті ректор» университетті құртып жібермей ме?» деген мақала жарияланды. Оның алдында Шын.kz сияқты тағы бір-екі ақпараттық порталы да нақты деректер келтіріп, шыңдықты шырылдатып жазған болатын.

Енді, міне, биылғы жылдың 16 қарашасында әлеуметтік желі қолданушысы Kayrat Sarynbaev Facebook парақшасында «Ловкий ректор Казахстана» деген тақырыппен Қазыбай Бозымовтың барлық былықтарын ашқан жазбасын жариялады. Бетке Бас прокуратураның атына арнайы жазған хатты да жүктеген. Жазбаға 200-дей адам лайк басып, 241 адам бөлісіпті, осынша адам комментарий жазып, аталған жемқорлық фактілеріне қынжылыс білдірген.

Хатта жазған деректерге көз салсаңыз, еріксіз жағаңызды ұстайсыз. Кадастрлық нөмірі 08:130:064:683; 08:130:064:683:2 мемлекеттік жоғары оқу орны, дәлірек айтқанда, Орал қаласы Жәңгір хан көшесі 51/4 үйде орналасқан политехникалық факультетке тиесілі жер телімі корпусымен Орал қаласы әкімінің 2011 жылы 23 маусымдағы қаулысымен Қазыбай Бозымовқа тиесілі жеке оқу орны - «Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетіне» заңсыз түрде арендаға берілген. Одан әрі университет аталған корпусқа қосымша құрылыс салған да, сосын толықтай өз атына аударып алған.

Корпусты осылайша «қылғытып» алған ол енді мемлекеттік оқу орнының жатақханасына көз салады. Кадастрлық нөмірі 08:130:064:719 жер телімі, қандай мақсатпен екені әрине белгілі, Жәңгірхан көшесі 43, 43 А, 43Б деп бірнеше мекенжайға бөліп жазылады. Былай қарасаңыз, үш корпустан тұратын бір-ақ ғимарат. Кейін осы ғимарат қайтадан рәсімделіп, 43А мен 43Б Қазыбай Бозымовтың жеке универсетитетіне тиесілі болып шыға келеді. Бұл жоспарын жүзеге асыру үшін өзі ректор болып тұрған кезде мемлекеттік жоғары оқу орнының атынан өзінің жеке оқу орнымен келісімшарт жасасып, жоғарыда аталған екі корпусты жекеменшік оқу орнына тиынға өткізе салып, басқа кадастрлық 08: 130: 064: 0187 нөмір береді.

Бұл жоспар да сәтімен жүзеге асқан соң, келесі Жәңгір хан көшесі 51Б мен оған жапсарлас құрылысты (оқу-өндірістік шаруашылық корпусы) да жоғарыдағыдай өзінің жеке оқу орнымен келісімшарт жасасып, мемлекеттік оқу орнының корпусын жекеге аудара салады.

Келесі кезекте кадастрлық нөмірі 08: 130:064: 722 жер телімі, Жәңгір хан көшесі 51 В мекенжайында орналасқан ғимарат, бұл да мемлекеттік университетке тиесілі болатын. Қазыкең мұны да бұрынғы схема бойынша алдымен қала әкімінің қаулысын шығартып, арендаға келісімшарт жасасады. Одан соң тағы да қосымша құрылыс жүргізеді де, сол нысанды рәсімдеу барысында жеке университетке барлық корпусты жер телімімен рәсімдей қояды. Қосымша құрылыс болғанда бұл - «Хан-Арасан» аталатын монша кешені мен VIP сауна. Міне, жеке оқу орны осындай кешен салып, оған иелік жасаумен айналысып жүрген соң, оқу сапасы қайдан оңсын?!

«Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады» дегендей, әбден құнығып алған Бозымов батырыңыз енді Жәңгір хан көшесі 51/3, 51/5, 51/6 мекенжайындағы корпустар мен жер телімдерін де жоғарыдағыдай тәсілдермен өзінің жеке оқу орнының меншігіне өткізіп, жалпы аумағы 30 гектардан астам жердің қожасы болып шыға келеді. Содан кейін, барлық жоспарын іске асырып болған соң, күбір-сыбырларды басу үшін 2014 жылы өзінің ректорлық орынтағын жайлап қана босатып береді. Бірақ, оқу орнынын «құрметті ректоры» атағын иеленіп, тасадан бар билікті қолында ұстап қалды. Жемқорлығы да жалғасуда. Сенімді дереккөздерінің айтуына қарағанда, мемлекеттік университеттің мүліктері де біртіндеп Қазыкеңнің «қарамағына» өтіп жатқан көрінеді.

Бұған тоқтау бола ма? «Құрметті ректор» адамға осынша шектеусіз билік беретіндей атақ па еді өзі?

Серік БЕЛГІБАЕВ, Орал қаласы