Еске сала кетсек, мұндай жағдай алғаш болып отырған жоқ. Бұған дейін де бір жас жігіт "Астана - біздікі!" деп "ұрандатқан" болатын...
Алматыда жастар "Алматы - біздікі" деп айғайлап, тапаншадан оқ атқан, деп хабарлады paryz.kz.
Әлеуметтік желіде таралған бұл видео көпшіліктің наразылығын тудырды. Қалалық ПД бұл видеоға қатысты түсінік берді.
Жас жігіт пәтерінің терезесінен аспанға оқ атқан. Сосын бұл әрекетін түнде далада қайталаған. Екі видеороликті де бір қолданушы жариялап отыр. Бостандық ауданының ПБ аталған видеодағы күдіктілердің жеке басын анықтады.
"Олар міндетті түрде ұсталып, жауапкершілікке тартылатын болады. Олардың әрекетіне құқықтық баға беріледі. Біз міндетті түрде видеода қандай қару қолданылғанын анықтайтын боламыз", - деді полиция.
Видеоның астына пікір қалдырған әлеуметтік желі қолданушылары жас жігіттің бұл қылығын жақтырмай қалды. Олар "енді тезірек кешірім сұрап, видео жариялайтын шығар", "өкініштісі, жастардың мұндай қылығы тіпті үйреншікті болып барады", "жастар хайп қууға үйір болды ғой" деп жазуда.
Еске сала кетсек, мұндай жағдай алғаш болып отырған жоқ. Бұған дейін де бір жас жігіт "Астана - біздікі!" деп "ұрандатқан" болатын. Тіпті, ол "Астана - біздікі!", "барлығын қырып саламыз" деп қоғамды дүрліктерген еді. Кейін қарулы жігіт қолға түсіп, елден видео арқылы кешірім сұрады. Құзырлы органға сенсек, "басты кейіпкер" күні бүгінге дейін түрмеде отыруы керек екен. Алайда, заңның бостығын пайдаланып, ол мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан көрінеді. Кейін бұл "батырдың" аты-жөні белгілі болды. Ол түркістандық 24 жастағы Дәурен Ахметжанов екен.
Ал енді Алматыны "иемденіп" алған мына қарулы жігіт те елден видео арқылы кешірім сұрауы мүмкін.