Күдікті бұған дейін осындай қылмысы үшін екі рет сотталған екен.
Лондонда өткен олимпиада ойындарының қола жүлдегері, белгілі балуан Ақжүрек Таңатаровтың ұрланған 26 жылқысы табылды, деп хабарлады paryz.kz, polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға 11 желтоқсанда болған. Ақжүрек Таңатаров белгісіз біреулердің Тұрар Рысқұлов ауданындағы жайылымнан 26 жылқысының ұрлағанын айтып, полицияға шағымданған.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 188-бабы, 1-бөлігімен ("Мал ұрлығы") сотқа дейінгі тергеу басталған.
Тұрар Рысқұлов ауданы полиция қызметкерлерінің жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде, Жарлысу ауылының 31 жастағы тұрғыны ұсталған. Күдікті бұған дейін осындай қылмысы үшін екі рет сотталған екен. Ұрланған жылқылар спортшыға қайтарылды.
Осы ретте еркін күрестен Лондонда Олимпиадасының жүлдегері, Азия чемпионы, халықаралық турнирлердің чемпионы және жүлдегері, еліміздің бірнеше дүркін жеңімпазы Ақжүрек Таңатаров видео арқылы жедел әрекет еткен полицейлерге алғысын білдірген.
"Тұрар Рысқұлов ауданының полицейлеріне рахмет! Осылай қолдарынан келгенше көмек көрсетіп, жылқымды тауып берді", - дейді Таңатаров.