Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

40 жылдан бері жол ережесін бұзбаған 76 жастағы «Такси апа» жайлы не білеміз

Абай облысы Аягөз ауданында жергілікті халық "Такси апа" атап кеткен Оразхан Манабаева есімді тұрғын тұрады. Жасы 76-ға келсе де, әлі күнге дейін көлік тізгіндеп жүрген әжей 40 жылдан бері бірде бір рет жол ережесін бұзбаған, деп жазады Paryz.kz ақпарат агенттігі Turkistan басылымына сілтеме жасап.

40 жылдан бері жол ережесін бұзбаған 76 жастағы «Такси апа» жайлы не білеміз
Фото: Turkistan газеті

Басылымның жазуынша, бүгінде жапондық Toyota 35 көлігін жүргізетін Оразхан Манабаева – әзірге өңірдегі жалғыз әйел таксиші. Жастайынан тех­никаға әуес болып өскен ол Аягөздегі автомектепте оқып, практикалық, теория­лық емтихандарды үздік тапсырған. Сөйтіп, алдымен "Запорожец" көлігін жүр­гізген.

76 жастағы таксиші қазір де сүйікті ісі­н­ен қол үзбеген. Таңғы сағат жетіден жұмысқа кірі­сетін Оразхан әжей кешкі сағат 5-ке дейін аудандық ауру­ханаға келушілер мен ауруханадан шық­қан адамдарды діттеген жеріне жеткізіп салып жүр.

"Үкіметтен алатын азын-аулақ зейнетақыны қанағат тұтамыз. Бірақ жасым келді деп үйде отырып қалуға болмайды. Осы уақытқа дейін "Запорожец", "Жигулиден" бастап, "Ауди 80", "Ауди-80 Б4", "Фольксваген Пассат", "Тойота Камри" сияқты көліктерді тізгіндедім. Қазір Toyota 35-ті айдап жүрмін. Өзіме ұнайды. Бұл – сегізінші көлігім", – дейді Оразхан Манабаева.

Оразхан әжейдің айтуынша, 56 жыл отасқан отағасы көлік жүргізуіне қарсы емес.

Оразхан Манабаева аптасына бес күн жұмыс істеп, қалған екі күнде демалады. Ал жұма күні міндетті түрде мешітке барады. Әжей такси жүргізушісі болып қана қоймай, 33 жылдан бері құлшылық үйінің шаруаларына да көмектесіп келе жатқанын айтады.

"Денсаулығыма, уақытты дұрыс өткізуге мән беремін. Өтініш жасаған соң қасиетті айда оразамды ұстап, құлшылық үйінде қызмет етіп жүрмін. Келушілермен жұмыс істеймін. 2015 жылы қажылыққа барып келдім", – дейді Оразхан Мана­баева.

Бір қызығы, Оразхан әжей тек Аягөзде емес, көлігімен еліміздің түрлі қалаларына барып жүрсе де, бірде бір рет жол ережесін бұзып, айыппұл төлеп көрмеген екен. Тәжірибелі таксиші көлік жүргізушілерге ең алдымен сабырлы болуы керектігін жеткізді.

Сондай-ақ Оразхан әжей қасиетті жұма күні жолаушыларға жеңілдік жасауды әдетке айналдырған. Қиналып тұрған көпбалалы аналарды көрсе, барар жеріне тегін жеткізіп салатынын атап өтті. Ал немерелерін бала­бақша мен мектепке өзі тасиды.