Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

«Күтушінің үш жасар қызы баламды өлтіруі мүмкін емес...» – сәбиінен айырылған ата-ана әділдік іздейді

Алматы облысында екі жасар сәбиді өлтірді деген күдікпен бала күтуші тергеліп жатыр, деп хабарлайды Paryz.kz ақпарат агенттігі.

«Күтушінің үш жасар қызы баламды өлтіруі мүмкін емес...» – сәбиінен айырылған ата-ана әділдік іздейді
Фото: КТК арнасының сюжетінен скриншот

KTK арнасының дерегінше, 30 жастағы келіншек ауылдасының баласына соңғы жарты жылдан бері бас-көз болып қарап жүрген екен. Бірақ сәбидің өліміне «қатысым жоқ» деп өзіне шаң жуытпаған. Тергеушілерге берген жауабында баланы өзінің үш жасар қызы буындырғанын айтыпты. Ұлынан айырылған ата-ана бұған сенбейді. Қазір бостандықта жүрген әйелдің қамалғанын талап етіп отыр.

Қайғылы оқиға Талғар ауданына қарасты Жаңалық ауылында болды. Сәбидің ата-анасы 23 наурызда дәл осы үйге екі бірдей баласын бала күтушіге тастап кеткен. Алайда екі күннен кейін бұл баспанадан балаларының тек біреуі ғана тірі шықты. Күтушінің өзі тергеушілерге берген жауабында баланы өзінің үш жасар қызы буындырып өлтіргенін айтыпты. Бірақ қара жамылған ата-ана екі жасар баланың өліміне сол күтушінің өзін кінәлап отыр.

«Есігінің алдында, табалдырықта бала ес-түссіз жатыр. Ешқандай қозғалыс жоқ. Саусақтың іздері бар, тұншықтырған. Мына жерден. Сол әйелдің өзі істеді деп күдіктенемін. Өйткені үш жасар қызы өлтіретіндей емес», – дейді сәбидің анасы Алтынай Көшерова.

Уақытша күтуші болған әйел алыстағы адам емес. Туысының көршісі екен. Арасында ақысына балаларын қарап жүріпті. 30 жастағы әйел сәбиді өлтірді деген күдікпен сол күні-ақ ұсталған. Бірақ құзырлы органдар оны он күннен кейін босата салды дейді қара жамылған ата-ана.

«Сұрасақ, күдікті ретінде толық мәлімет аз дейді. Бұған қандай мәлімет керек? Менің балам өлді. Адам ары қарай тайраңдап өмір сүре беру керек пе?», – деді әкесі Қаржаубай Киымбаев.

Әу баста іс 141-баптың екінші бөлігі, яғни абайсызда жас баланың өліміне әкеп соғу бойынша қозғалған. Бірақ тергеп-тексерудің нәтижесінен кейін келесі күні бірден жас баланы өлтіру бабына ауыстырылған. Прокурорлар күдіктінің қадағалауда екенін айтады.

«Талғар ауданы сотында Талғар ауданы полиция басқармасының өтініш хаты бұлтартпау шарасын екі ай мерзімде ұстау бойынша қаралуда. Біз бүгін оны жолдаған болатынбыз. Дәл қазір ұсталған күдіктінің бұлтартпау шарасына сәйкес сотқа барады, сотта ары қарай екі айға ұзартылады немесе басқа да шешім шығуы мүмкін», – дейді Талғар ауданы прокуратурасының аға прокуроры Рашид Чотбаев.

Ал күтуші болған 30 жастағы әйелдің жақындары аң-таң болып отыр. Сөздерінше, оның баланы өлтіруіне еш себеп те, негіз де жоқ.

«Баланы баққаннан кейін өлтіремін деп бақпайсыз ғой. 5-10 теңге болсын деп баққан. Өзінің үш баласы бар, өзі төртіншісіне аяғы ауыр. Тиын-тебен болсын, ана жақтағылар да жұмыс жасайық деп, екі баласын әкеп беріп отыр ғой. Кішкентай баланы буындырып қойды деп айтқаны болмаса, болды. Басқа ештеңе айтылған жоқ», – деді күтушінің туысы Нұрмира Кененбаева.

Күтуші әйелдің жақындары да, бақилық болған баланың ата-анасы да тергеудің әділ жүруін талап етіп отыр. Егер күдіктінің қылмысы дәлелденсе, 20 жылдан бастап өмір бойына дейін абақтыға қамалуы мүмкін.