«Үйімде бір үзім нан жоқ»: Жетібайлықтар төрт күннен бері ереуілде тұр

Жетібай ауылының жұмыссыз тұрғындарының ереуілде тұрғанына бүгін төртінші күн. Өндірістік аймаққа баратын жолды жауып тастаған 200-ге жуық адам бар. Барлығының талабы бір – мұнай компанияларына тұрақты жұмысқа орналасу. Кейбір наразылар үкімет назарын аудару үшін құрғақ аштық жариялап отыр, деп хабарлайды Paryz.kz ақпараттық агенттігі Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.

«Үйімде бір үзім нан жоқ»: Жетібайлықтар төрт күннен бері ереуілде тұр
Сурет: Ulysmedia.kz

Наразылардың арасында 15-ке жуық азамат үкіметтегілердің назарын аудару үшін ас-сусыз құрғақ аштық жариялап отыр. Олар бұл ауылға шенділердің мән беріп, жұмыссыздық мәселесін түбегейлі шешуге араласқанын қалайды.

 – 29 наурыздан 30 наурызға қараған түні сағат 00.00-де құрғақ аштық жарияладық. Әзірге жағдайымыз жақсы. Жедел жәрдем қызметкерлері осындағы жігіттердің айтуымен ғана келді де, артынша кетіп қалды. Күндіз-түні бақылап тұрған жоқ. Осы уақытқа дейін күнімізді көріп келе жатырмыз. Жеріміздің астынан қара алтынды алып жатқан билік  жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамтысын. Бәріміз де үлкен үй салып, жағдайымызды жақсартқымыз келеді. Әртүрлі жерде жұмыс істеп жыртығымызды жамай алмай отырмыз, - дейді 32 жастағы жетібайлық Қосай Ақмоншаев.

 «Диплом бар, жұмыс жоқ»

2014 жылы Ақтаудағы Ш. Есенов атындағы университетке геология және пайдалы қазба кен орындарын барлау саласы бойынша геолог мамандығына оқуға түсіп, 2018 жылы аяқтаған. Содан бері әртүрлі компанияның табалдырығын тоздырған 27 жастағы ауыл тұрғыны тек жалдамалы жұмысшы болып күн көргенін айтады.

 – Мұнай саласына қатысты компаниялардың барлығына түйіндеме жібердім. Олар тек қана уақытша жұмыс ұсынады. Ал қазір әкімдіктегілер «МаңғыстауМұнайГаз» компаниясының азғантай вакансиясын бүкіл облысқа бөлмекші. Оның өзі 60 жұмыс орны болса, мына жерде 200-дей адам тұр. Сол себепті қазір ауыл-ауыл болып дауласып жатыр. Осының бәріне үкімет басындағылар кінәлі, - Қайырхан Асау.

Ал үш баласымен жесір қалған жетібайлық Тазагүл Кәшкенова әкімдік ұсынған қоғамдық жұмыстардың жалақысының тіптен мардымсыз екенін айтады. Жолдасы өмірден өткенде жаназын шығаратын қаражаты болмай, әркімнен көмек сұраған. Бір ұлы жол апатына түскен. Бір ұлы Жетібай ауылында отбасын асырай алмай Ақтауға көшіп, әртүрлі кәсіпкерлерге жалданып жұмыс істеп жүр.

 – Жолдасым қайтыс болды. Ержеткен балаларым жұмыс іздеп барса, еңбек өтілін сұрайды. Бір де бір компания маңына жолатпаса еңбек өтілі қайдан болсын? Өзім жалдамалы жұмысшы болып ақша таптым. Алған айлығым 70-80 мың теңге. Ондай жалақымен мына заманда күн көру өте қиын. Басымызда несие толып тұр. Қазір үйімде бір үзім нан жоқ. Қалай күн көретінімді білмеймін. Көмек сұрасақ қоғамдық жұмысқа жібереді, оның 80 мың теңге айлықпен балаларымды қалай асыраймын?, - дейді Тазагүл Кәшкенова.

Дәулет Қалниязов бүгінде айналасы ұңғымаға толған Жетібай ауылының тұрғындарының күнкөрісі жұмыссыздықтың кесірінен нашарлағанын айтады. «ҚазМұнайГаз» АҚ-на қызмет көрсететін мердігер серіктестіктер жұмысқа алғанмен, жалақыны уақытында төлемей, әртүрлі заңсыздықтарға жол беретінін жасырмайды. Оның сөзінше бүкіл ауылда 1300-дей жұмыссыз тұрғын бар.  

 – Бұл талабымыз былтырғы қаңтар оқиғасында басталған. Радияцияның зардабын шегіп отырған Жетібай ауылының тұрғындары,  кемтар балалар туып жатыр. Ұңғымалар болса үйіміздің маңына жақындап қалды. Бұл ауылда өндірістен басқа жұмыс жоқ. Сол себепті мұнай өндірісінен жұмыс сұрап тұрмыз. Мал бағайын десек дұрыс шөп те жоқ, оның түсіне жердің барлығы қоршау. Қалай күнелтеміз? Билік басындағы шенділерден келіп жағдай сұраған емес. Ешқандай мәселе шешілмеді. Мұнайдың үстінде отырып, кедейшілік деңгейде өмір сүріп жатырмыз, - дейді Дәулет Қалниязов.

Маңғыстау облысындағы ең алғашқы мұнай фонтаны 1961 жылы осы Жетібай ауылында атқылаған. Сол жылы Жетібай вахталық кент ретінде құрылған.

Жасы 60-қа таяған ауыл тұрғыны өзі де, балалары да мұнай компаниясында жұмыс істеп көрмегенін айтады. Атақты компаниялар ауыл маңын  ұңғымаға толтырғанымен, жетібайлықтар оның пайдасын емес тек қана зардабын көріп отыр деп наразы. Жыл бойы өндірістік аймақтан соғатын желдің кесірінен мұнай кәсібінің уын жұтып отырмыз дейді тұрғындар. Сондықтан да ауыл маңындағы мұнай өндірісінде қызмет етуге әбден лайық екенін айтып отыр.

Айта кетейік, Жетібай ауылының жұмыссыз тұрғындары 27 наурыз күні наразалық білдіруді бастап, өндірістік аймаққа баратын жолды жауып тастаған еді. Сондай-ақ олар бүгін таңертең облыстық әкімдік пен, мәслихат депутаттары наразылармен тілдесуге барғанын хабарлады.