Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Назарбаевтың бұрынғы тоқалы сұхбатта айтқан деректерге қатысты қылмыстық іс қозғауға бола ма?

Белгілі заңгер Алмас Жұмағали Болат Назарбаевтың бұрынғы тоқалы "Уақыт көрсетеді" YouTube-арнасында айтқан деректерге қатысты қандай қылмыстық істер қозғауға болатынын айтты, - деп хабарлайды Paryz.kz ақпарат агенттігі Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

Назарбаевтың бұрынғы тоқалы сұхбатта айтқан деректерге қатысты қылмыстық іс қозғауға бола ма?
Фото: видеодан скриншот

Айта кетейік, әнші, өзін Болат Назарбаевтың бұрынғы тоқалы екенін мәлімдеген Динара Әлжан журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұхбатында есірткі, казино жайлы әңгімелер айтылған болатын. Динара Әлжанның бұл сұхбаты қоғамда қызу талқыға түсті.  

Сұхбатта бірнеше қылмыстың ұштығы бар

Заңгер Алмас Жұмағалидің сөзінше, осы сұхбаттың өзінде бірнеше қылмыстың ұштығы бар.

"Біріншіден, Кентал (әнші Талғат Кенжеболатов - еск.) мен "командасының" есірткіге қатысы. Екіншіден, Ғабидолланың (Шымкент қаласының экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымов) қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану ма, әлде кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу ма, оны тексеріс анықтау керек. Болат Назарбаевтың қаржыларды оңды-солды шашуы, казинодан ұтылдып қалған Қайрат Нұртас үшін 400 000 доллар бере салуы - қаржының шығу тегінің заңдылығы анықталу керек". Ол сандырақ емес, Жылқышыбай басында сұрап алды: "Ертең сөздеріңізден тайып, ана жерін, мына жерін алып тасташ", - деп сұрамайсың ба? - деп", - дейді заңгер.

Алмас Жұмағали кокаиннің қаупін түсіндірді. Ол кокаин өте қауіпті және қымбат есірткі екенін атап өтті. Заңгердің сөзінше, сол себепті оның 1 граммы 3.07.2019 жылғы Үкімет бекіткен жиынтық кестеге сәйкес аса ірі мөлшер болып есептеледі.

"Ал енді осы аса ірі мөлшерде есірткіні өткізу, алу Қылмыстық кодексінің 297-бабына сәйкес 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айрылатындықтан аса ауыр қылмыс болып саналады", - дейді заңгер. 

Сұхбатта айтылған деректерге қатысты қылмыстың іс қозғау үшін қылмыс ескіріп қалған жоқ па? 

Бұл оқиға 2016-2018 жылдары болған, одан бері 5-7 жыл өтті. Алмас Жұмағали кез келген қылмыстық (кейбір қылмыстардан басқа) ескіру мерзімі болатынын айтады. Ал бұл қылмыс ескіріп қалған жоқ па? 

"ҚР қылмыстық кодекстің 71-бабының 1-бөлігінің 5-тармағына сәйкес, аса ауыр қылмыс жасаған соң 15 жыл өтуі керек. Демек, әлі де ескірген жоқ", - дейді маман. 

Бұл іспен кім айналысуы керек? Міндетті түрде арыз жазылуы қажет пе? 

Заңгер Алмас Жұмағалидің сөзінше, Қылмыстық-процестік кодекске сәйкес, қылмыстардың үш түрі болады: 

1) Жеке айыптау істері, яғни арыз жазбаса қозғалмайды, арызын кері алғанда бірден тоқтайды (мысалға, қорлау, ҚК 131-б.);

2) Жеке жариялы айыптау істері, яғни ол да арыз жазбаса қозғалмайды, арызды кері алса да бірден тоқтамайды, біраз шарттары бар (мысалға, зорлау, ҚК 120-б.);

3) Жариялы айыптау істері, яғни ешқандай арызды күтпейді, мәлім болған сәттен бастап іс қозғалады, тоқтамайды (мысалға, кісі өлтіру, ҚК 99-бабы).

Есірткімен байланысты қылмыстар нақ осы жариялы айыптау болып саналады. Ешқандай арызды күтпей тергеп тексеріледі.

Сонда құзырлы органдар қалай тергеп-тексереді? 

Заңгердің сөзінше, Қылмыстық процестік кодекстің 180-бабына (1-бөлім, 3-тармақ) сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабарлар соталды тергеп-тексеруді бастауға себеп болып саналады. 

YouTube-арна БАҚ болып санала ма?

Алмас Жұмағалидің сөзінше, "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" ҚР 1999 жылғы 23 шілдедегі заңының 1-бабының 4-тармағы БАҚ деген не дегенде анықтама беріп, олардың қатарында "интернет-ресурстарды қоса алғанда, бұқаралық ақпаратты... үздiксiз бұқаралық таратудың басқа да нысанын" таниды. Демек, осы арнағасүйеніп, прокуратура, полиция,  Ішкі Істер Министрлігі тергеп тексеруге тиісті.

Айта кетейік, Massaget.kz редакциясы бұл іске қатысты Бас прокуратураға ресми сауал жолдады.