Прямая трансляция

Астана

Астана

-1.03°C

«Жаным мұсылман»: Петропавлдық егіздер Павел мен Александр 12 жылдан бері ораза ұстап жүр

Петропавлдық егіздер Павел мен Александр Ляшенко 12 жылдан бері ораза ұстап жүр. Жігіттер биыл да жылдағы дәстүрге сай ауыз бекітті. Енді егіздер Ислам дінін қабылдамақ ниетте. Жұбы жазылмайтын бауырлар бір ұжымда жұмыс істейді. Спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта еркін күрестен бала жаттықтырады, деп хабарлайды Paryz.kz ақпарат агенттігі Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.

«Жаным мұсылман»: Петропавлдық егіздер Павел мен Александр 12 жылдан бері ораза ұстап жүр
Коллаж: Azattyq Ruhy

«ЖАНЫМ МҰСЫЛМАН ЕКЕНІН СЕЗЕМІН»

Павел мен Александр М.Жұмабаев ауданы Возвышенка ауылында дүниеге келген. Бір қарағаннан егіздерді айыру қиын. Екеуі де Ә.Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжінде білім алған. Достарының бәрі мұсылман болғандықтан ислам діні қызықтырғанын айтады.

«Бізге ораза ұстауды Жаратқанның өзі нәсіп еткен болар. Жаным мұсылман екенін сеземін. Бірақ күніне 5 рет намаз оқымаймын. Дінді ресми түрде қабылдамақпын. Қазір жастар арасында мұсылман діні сәнге айналғандай. Ешкімді сөгуге қақым жоқ. Дегенмен, көбі Исламға келіп жатады, алайда шариғат заңдарын сақтамайды. Дін жеңіл-желпі дүние емес. Оған кәдімгідей ақылмен, санамен келу керек деп ойлаймын. Бірінші рет ауыз бекіткенде қиналдық. Бірақ спортшы бәріне төзуге міндетті. Алғаш рет жай ғана өзімізді сынап көрмек болдық. Қатты ұнады. Өзіңді өте жеңіл сезінесің. Иықтан ауыр кір тастарын алып тастағандай сезімде болдым. Бұны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әр адам өз басынан өткеріп көруі керек. Кейін ораза ұстау біз үшін жазылмаған заңға айналды. Анда-санда сәрегісе ұйықтап қалып жататын кездеріміз болады. Оразаны бұзбай-ақ ауыз бекітуді әрі жалғастырамыз», - дейді Павел.

«ТӘУЛІГІНЕ 24 САҒАТ БІРГЕ ЖҮРЕМІЗ...»

Егіздер сирек болса да ауызашарларға шақыру алып тұратынын айтады. Мүмкіндік болып жатса, міндетті түрде барады. Бір құрсақтан шыққан бауырлар өмірде де 24 сағат бойы бірге жүретінін айтып қалжыңдайды.

«Ораза кезінде өзімді керемет сезінемін. Ашықсаң да, бойыңда бір тылсым күш пайда болатындай. Біз екеу болғандықтан да бәрі оңай жасалатындай көрінеді. Бір-бірімізге барынша сүйеніш болып келеміз. Кіндігіміз бір. Таныстарымның арасында ауыз бекіткісі келіп, бірақ үнемі келер жылға қалдырып жататындар барын байқап жүрмін. Қазір істеуге болатын шаруаны бірден қолға алған дұрыс деп ойлаймын. Оразаның еш қиындығы жоқ. Бірақ оның тек қана ашығу емес екенін естен шығаруға болмайды. Біз барша ізгі амалдарға ұмтылуымыз керек. Жаман сөз айтуға, тіпті жаман ой ойлауға болмайды. Ауыз ғана емес, көз, құлақ – бәрін тыю керек. Соңғы айтқан екі мүшеге шектеу қою – қиындау. Бір сөзбен айтқанда Ораза –  Алланың бізге берген сансыз нығметтерінің бірі», - дейді Александр. 

Имамдардың айтуынша, соңғы кездері ислам дінін қабылдап, ораза ұстап жүрген өзге ұлт өкілдерінің көбейіп келе жатқандығы байқалады.

«Рамазан айындағы ораза – балиғатқа жеткен әрбір ер мен әйел мұсылманға парыз. Намаз сияқты ол да жекелей парыз етілген ғибадат болғандықтан біреу үшін біреу ораза тұта алмайды. Алла тағала Құран Кәрімде «Бақара» сүресінің 183-аятында: «Уа, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғы үмметтерге ораза парыз етілгендей, сендерге де парыз етілді. Бәлкім сақтанарсыңдар. Санаулы күндерде», – деген. Ниетсіз ораза дұрыс болмайды. Кез келген оразаны тұтудан бұрын жүрекпен ниет етілуі тиіс. Әбу Ханифа мазхабы бойынша Рамазан айының басында ниет ету сол қасиетті ай үшін жеткілікті болып есептелінеді, қаласа күнделікті ниет етуге де болады. Ешқандай ниетсіз күні бойы аш жүру оразаға жатпайды. Ал оразаның уақытына келсек, сəресі таң намазының уақытына дейін болады да, ақшам намазының уақытында ауыз ашылады», - дейді Қызылжар орталық мешітінің бас имамы Хамзат Әділбеков.

ОРАЗАНЫҢ ПАЙДАСЫ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

12 айдың сұлтаны Рамазан айының қадір-қасиеті мен ораза ұстаудың пайдасы жайында айтылып жүр. Ғалымдар әлдеқашан ұзақ уақыт бойы ашығудың адам ағзасында қаншалықты оң өзгерістер әкелетінін дәлелдеді.

«Ақиқатында Рамазан – берекеге толы ай. Әрбір мұсылман бұл айда ауыз бекіту арқылы Жаратушыға жақындап, Раббымыздың мейірімінен үміт етеді. Барлық жамандық атаулыдан тыйылып, өмірін жаңа парақтан бастауға мүмкіндік алады. Бұл қасиетті айдың әрбір күнін босқа жіберіп алмауға тырысу керек. Игі амалдарға бірінші болып ұмтылып, Алладан зор сауапты күткен абзал, өйткені бұл риясыз жақсылық жасайтын ай. Алланың сүйікті елшісі пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Рамазан айының алғашқы түні келгенде, жәннаттың есіктері айқара ашылып, тозақтың есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді» деген. Қамшының сабындай тым қысқа өмірде салиқалы амалдарды көбірек жасауға тырысу – мұсылманның міндеті. Құран оқу, Алланы еске алу, тасбих тарту, дұға жасап, садақа беру, адамдарды жақсылыққа шақырып, тілден бастап, бүкіл денемен жасалатын жамандықтан тыйылу, ілімді талап ету, айналаңа пайдаңды тигізу – Рамазан айында жасалатын ізгі амалдардың тек бір тізбегі ғана. Рамазан – ерекше ай. Ол Тәңірдің адамзатқа берген айрықша сыйы. Отыз күн жұмаққа беттелген отыз қадамдай әр күнінде береке бар. Қасиетті Рамазанда шын ықыласпен ораза тұту арқылы, пенде өзін Алланың қаһарынан, тозақ отынан, қабір азабынан, әзәзілдің арбауынан, екіжүзділіктен алыс болады. Бұл жанды балқытатын, жүректі жұмсартатын, рухты азықтандыратын ай», - дейді бас имам.