Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Шымкентте он шақты адам белсендіні қамаудан босатуды талап етті

"Қоғам белсенділерін, шындықты айтып жүрген адамдарды еш уақытта қудаламауды талап етеміз", - деді Ағаділов.

Шымкентте он шақты адам белсендіні қамаудан босатуды талап етті
фото: дереккөз

Бүгін Шымкентте он шақты адам Әл-Фараби аудандық Полиция басқармасының алдына жиналып, осыдан бірнеше күн бұрын ұсталған белсенді Нұржан Әбілдаевты қамаудан босатуды талап етті, деп хабарлады paryz.kz, Азаттық радиосына сілтеме жасап.

Олардың сөзіне қарағанда, "тыйым салынған ұйымның жұмысына араласу" бабы (Қылмыстық кодекстің 405-бабы) бойынша айыпталып отырған Әбілдаевты полиция 3 күн бұрын ұстап әкеткен.

"Әбілдаевқа тағылған айыптарды алып тастап, тез арада бостандыққа шығаруды талап етіп отырмыз. Бұған қоса, қоғам белсенділерін, шындықты айтып жүрген адамдарды еш уақытта қудаламауды талап етеміз", - деді жиналғандардың бірі Нышанәлі Ағаділов.

Белсенді Ерғали Құлбаевтың айтуынша, қазіргі кезде Шымкентте бірнеше адам "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" қозғалысына қатысы бар деген күдікке ілініп, қамауда отыр немесе үйқамаққа алынған.

Қазақстан соты бұл екі ұйымды "экстремистік қозғалыс" деп танып, қызметіне тыйым салғанмен, Еуропарламент "бейбіт оппозициялық қозғалыстар" деп атаған. ҚДТ мен "Көше партиясын" экстремистік деп таныған сот шешімі жарияланған жоқ. Екі қозғалыстың жақтастары Қазақстанда жиі қуғындалады.

Құлбаев Қазақстан сотының осы екі ұйымға шығарған шешіміне күмән келтіріп, елде белсенділерді қудалау жалғасып жатқанын алға тартты.

"Халықаралық ұйымдардың пікірі біз үшін құнды. Себебі, Қазақстанда әділет, демократия жоқ екенін білеміз. Белсенділерге әрдайым қысым жасалады. Митингілерге рұқсат берілмейді. Сондықтан Қазақстан билігінен азаматтық қоғам өкілдеріне қысым жасамауды талап етеміз. Бұл - құқықтық мемлекеттерге өте қайшы келетін әрекет", - деді Ерғали Құлбаев.

Полиция ғимараты алдында белсенділер "Нұржан Әбілдаевқа бостандық!" деп айқайлады. Қабылдау бөліміндегі қызметкер Әбілдаевтың осы бөлімге қарасты тергеу изоляторында отырғанын растап, 21 желтоқсанда оған бұлтартпас шарасын қолдану туралы сот өтетінін айтты.

Әлеуметтік желідегі кей ақпаратқа қарағанда, Нұржан Әбілдаев қоғамдық орында "Ақ жол" партиясын қолдауға шақырғаннан кейін ұсталған. Бірақ әйелі бұл ақпаратты жоққа шығарады. Оның айтуынша, Әбілдаев "Ақ жол" партиясын қолдауға үндеген адамдардың бірін көлікке отырғызғаннан кейін ұсталған.

Әбілдаевқа бұлтартпас шарасын қолдану туралы сот отырысы онлайн өтеді. Әзірге полициядан ешкім шықпады.

Қазақстандық құқық қорғаушылардың мәліметінше, қазіргі кезде елде сот шешімімен тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" қозғалысына қатысы бар деп күдікке ілінген немесе айыпталған 110-нан астам адам бар. Құқық қорғаушылар 10 қаңтарға белгіленген Парламент сайлауы қарсаңында қудаланған белсенділер көбейгенін атап өтеді. 21 желтоқсанда Ақтөбе соты "ҚДТ-ға қатысы бар" деп айыпталған белсенді Әлібек Молдиннің бостандығын бір жылға шектеді.