Прямая трансляция

Астана

Астана

28.03°C

"Жастарға арналған тұрғын үй": Еліміздің тағы бір облысында құжат қабылдау басталады

Ұлытау облысының жастарына арналған "Ұлытау жастары" тұрғын үй бағдарламасына өтінімдер 27-31 наурыз аралығында қабылданады, деп хабарлайды Ұлытау облысы әкімдігінің ресми сайтында.

"Жастарға арналған тұрғын үй": Еліміздің тағы бір облысында құжат қабылдау басталады
Сурет: Nur.kz

Әкімдіктің мәліметінше, бағдарлама аясында жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге 750 млн теңге көлемінде қаражат жұмсалады. Бағдарлама шарттары мынадай: жылдық несие мөлшерлемесі - 6%; қарыздың ең жоғары сомасы - 20 млн теңге; бастапқы жарна - кем дегенде 10%. Жеңілдетілген тұрғын үй несиесін беру кезінде некенің ұзақтығы, бала саны, жұмыс өтілі және тағы басқа көрсеткіштер қаралады. "Ұлытау жастары" бағдарламасына мынадай сала мамандары қатыса алады: денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлері; білім беру саласындағы мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлері; мемлекеттік мәдени ұйымдардың қызметкерлері; мемлекеттік ұйымдарда еңбек қызметін жүзеге асыратын спортшылар мен жаттықтырушы-оқытушылар; бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері; жоғары оқу орындарының штаттық қызметкерлері; халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлері.

Оларға қойылатын талап бойынша қатысушының жасы өтініш берген кезде 35 жастан (қоса алғанда) аспауға тиіс. Сондай-ақ үміткердің және оның отбасы мүшелерінің Қазақстан аумағы бойынша соңғы 5 жылда меншік құқығындағы тұрғын үй болмауы керек.

"Таңдалған салада кемінде соңғы 1 жылда ресми жұмыс өтілі болуы керек және зейнетақы жарналары міндетті түрде төленуі қажет. Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады. Өтінімдер 2023 жылдың 27-31 наурызы аралығында сағат 09:00–18:00 аралығында қабылданады" - делінген әкімдік хабарламасында.