«Мәсімов түрмеде отырған жоқ»: балгер мен Сюцай ғылымының шебері саясаткерлер жайлы

Көріпкел, балгер – Ажар апа (өзін солай таныстыруды сұрады – авт.) Қаңтар оқиғасынан кейін мемлекетке сатқындық жасады деген айыппен ұсталған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовке қатысты осындай болжам жасады, деп хабарлайды Paryz.kz ақпарат агенттігі Халық Үніне сілтеме жасап.

«Бұл кісінің түрмеде отырғанын не отырмағанын білмеймін. Бірақ шығып кеткен сияқты. Бұл басқа жерде отыр. Жан-жағы қоршаулы, ешкім ешкіммен хабарласпайды. Тек өз адамдары хабарласып тұрады. Жан-жаққа шықпайды. Сыртында қоршау бар. Адамдары бар. Бірақ қазіргі адамдардың түрмеде отырғаны сияқты емес. Бәрі қолында ғой енді. Бір Құдай өзі реттеп берсін. Бұлардың Қаңтар оқиғасына қатысы бар. Назарбаевты құртып, мына кісі өзі өзі билікте қалғысы келді. Ұлты басқа болса да, басшының қасында жүрді ғой. Бәрін біледі», - дейді балгер.

Сюцай ғылымының шебері Құрманғазы Рахметов болса, Мәсімовтің туған жылына қарап, (15.06.1965 ж.) нағыз «кайфушаның өзі» деп атады.

«Тек қана өз жағдайын ойлайтын адам. Бұл жігітті Құдай ерекше жаратқан. Даналығы бүкіл дүниесінде бар адам. Оқығанды жек көреді. Бұған көп ұйықтау керек. Ұйықтап көңілді жүрсе болды. Ұйқысы қанбаса, ісі өнбейді. Өте кекшіл адам. Негізі, өте жақсы жігіт. Бірақ заңды белшесінен басып, таптап өте салатын жігіт. Конститутцияны Назарбаев талай рет бұзып тастады ғой, бұл да сол сияқты. Назарбаев та солай. Адам баласының туған күні, айы, жылы – құпия кілті. Бұрынғы заманда патшалар есімі, туған жылы жайлы деректі басқалар білмесін деген ниетпен көміп тастаған. Сюцай ғылымының кереметі сонда, маған туған күнін айттың ба, әрі қарай шәк келтірме. Мен айтып бере саламын», - деді сюцай ғылымының шебері Құрманғазы Рахметов.

Балгер мен сюцай ғылымының шебері қатысқан подкастта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев, премьер-министр Әлихан Смайылов, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев және айтыскер ақын Ринат Зайытовқа қатысты болжам айтылды. Спикерлер көрші елдердегі соғыстың немен аяқталатыны, Түркиядағы жер сілкінісінің себебі мен Қазақстанның болашағына қатысты ойын айтты.