«Үйтеміз, бүйтеміз» деп халықтың аузы қу шөппен сүртіледі - Оксана Әубәкірова

Қазақстан халық партиясы атынан теледебатқа қатысып жатқан Оксана Әубәкірова ауырыңқырап қалған кішкентай баласын тастап, сайысқа келгенін айтты, деп хабарлайды Paryz.kz, BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

«Үйтеміз, бүйтеміз» деп халықтың аузы қу шөппен сүртіледі - Оксана Әубәкірова
Сурет: BAQ.kz

«Хабар» арнасында Парламент Мәжілісі сайлауына қатысатын саяси партиялардың теледебаты өтіп жатыр.

Қазақстан халық партиясы атынан партиялар сайысына Оксана Әубәкірова қатысып жатыр.

Сенім адамды алға жетелейді. Онсыз біз өмір сүре алмаймыз. Қазақ халқы соғысты да, аштықты да көрді. Қабырғасы қанша қайысса да, түңілмеді. Өзге елге кетіп қалып немесе «мен үшін бәрі шешіліп қойған» деп үйде отыру қиын емес, мен де солар істей алар едім. Бірақ ауырыңқырап тұрған бір жастан асқан баламды тастап, халық алдына шығыр тұрмын, - деді Оксана Әубәкірова.

Партия мүшесі әйел алдымен өзгені, содан кейін барып қана өзін ойлайтынын айтты.

Митингке шығып жүрген де ана, бала бағып отырудың орнына жұмыс істеп жүрген де ана, уақытылы зейнетке шыға алмай, баласына масыл болып отырған ана қаншама. Өз басым 63 жасқа дейін жұмыс істемей, аялы әже болып, парасатты ұрпақ тәрбиелесес деймін. Бұл менің ғана емес, барлық ананың тілегі, - деп айтты Қазақстан халық партиясының мүшесі.

Ол қала сыртындағы ауылда тұратынын айтты.

Біз ауылда тұрамыз. Астананың маңында газ жоқ. Газ түгілі су жоқ. Күнделікті суын тасып ішетін халықтан не сұраймыз?! Ерекше балаларды ойлап жатқан адам бар ма? Ата-анасы бар ауру балалар қалай болғанда да қоғам арасына қосылуға мүмкіндік алады. Ал ата-ана қамқорынсыз қалған балалар далада қалыр жатады. «Үйтеміз, бүйтеміз, үйдей пәлені шешіміз» деп, кейін халықтың аузы қу шөппен сүртіледі, - дейді Оксана Әубәкірова.

Ол бүгін теледебатқа үлкен сеніммен шығып отырғанын жеткізді.

«Оян, қазақ!» дегелі 118 жыл болыпты. Айта-айта жауыр болды. Өз таңдауымызды жасаудан жалықпайық, - деп ол партия атынан сөз сөйледі.

Теледебат үш кезеңнен тұратынын айта кетейік. Әр кезең екі турдан тұрады. І кезеңде партиялар өздерін таныстырып, пікір алмасады. ІІ кезеңнің бірінші турында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы тақырыбында сөйлеп, екінші турда сайлаушылардың сұрақтарына жауап береді.

Ал ІІІ кезеңде теледебат қатысушылары сайлаушыларға үндеу жасайды.