"Мұзды ойып, қайықты сүйредім": Ақтөбеліктер суға кеткендерді қалай құтқарады

Көктемгі су тасқыны Ақтөбе жұртын әбігерге салды. Осы уақытқа дейін облыстық ТЖД-ға жергілікті тұрғындардан көмек сұраған 2029 өтінім келіп түскен. Төтенше жағдай жарияланған Қобда ауданындағы жағдайды аудан әкімі Болат Құлов баяндады. Сондай-ақ өңірдің өрт сөндірушілері ауыл тұрғындарын құтқару жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды Paryz.kz, nur.kz-ке сілтеме жасап.

"Мұзды ойып, қайықты сүйредім": Ақтөбеліктер суға кеткендерді қалай құтқарады
Сурет: Nur.kz

Аға өрт сөндіруші Азамат Ермағамбетов төтенше жағдай кезінде көмек беру әр құтқарушының міндеті екенін айтады. "Қобда ауданында құтқару жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Судың бетіне мұз қатқандықтан қайықтың өздігінен қозғалуы қиын болды. Қайықпен жүзе алмаған ауыл тұрғындарына көмектестік. Мұзды ойып, қайықты алға сүйредім. Ол тек жалғыз менің жұмысым емес. Әрбір қызметкер осылай жұмыс істеуге дайын. Құтқарушылар бірлесіп жұмыс жасауда", - дейді аға өрт сөндіруші. ТЖ департаментінің хабарлауынша, автожолдар мен аула аумақтарынан еріген қар суларын айдау және бұру жұмыстары үздіксіз жүріп жатыр. Байғанин, Қобда, Ырғыз, Мәртөк, Мұғалжар, Ойыл, Темір және Шалқар аудандарында бөгеттер қойылған.