Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

«Арабша айту керек»: ҚМДБ «иншалла», «машалла» сөздерін қазақша айтуға қатысты пікір білдірді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құлшылық етуге арналған арабша сөздерді қазақша айтуға байланысты пікір білдірді, деп жазады Paryz.kz мүфтияттың ресми сайтына сілтеме жасап.

«Арабша айту керек»: ҚМДБ «иншалла», «машалла» сөздерін қазақша айтуға қатысты пікір білдірді
Фото: ашық дереккөз

«Иншалла» – «Құдай қаласа», «Алла бұйыртса» деген мағынадағы діндар адамның қандай да бір іске болжал айтқанда Аллаға ғибадат етуін білдіретін сөзқолданыс.

«Сұбханалла» – «Кемшіліксіз Алла», «барлық кемшіліктерден ада Алла» деген мәнде қатты қорқып, таңғалғанда айтылатын сөз.

«Машалла» – Алланың қалағаны деген мағынадағы бір іске таң қалғанда немесе жақсы баға бергенде қолданылатын сөз.

Бұл сөздер Алланы дәріптеу, зікір ету болып саналады. Оның артықшылығы әрі қай кезде айтылатындығы туралы Құран мен хадисте баяндалған.

Әрбір істі бастағанда «бисмилләні»;

Әр істі аяқтағанда «әлхамду лилләһты»;

Бос сөз айтса немесе азды-көп қателік істеп қойса «Астағфирулла» сөзін;

Ертең бір нәрсе істеуді қаласа «Иншалла» деу;

Күндіз-түні «Лә иләһә иллаллоһ» сөзін жиі айтып жүру керек. Дегенмен азан шақыру, намаз оқу т.б. шариғатта тек араб тілінде орындалатын құлшылықтан тыс зікір, тәсбих сөздердің мағынасын қазақ немесе басқа тілде айтуға болады. Бірақ арабша айту абзал. Ибн Қудама: «Алла Тағаланы араб тілінен басқа тілде зікір етуге рұқсат. Өйткені негізгі мақсаты – Алланың есімін атау. Ол барлық тілмен жүзеге асады. Бірақ намаздағы тәкбирлерді арабша айту керек», – деген.

Сұбханалла, астапыралла, иншалла тағы басқа сөздер Әбу Бәкір Кердері, Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов, Міржақып Дулатұлы және т.б. ақын-жазушылардың шығармаларында қолданылған.

Сондықтан Иншалла, Сұбханалла, Машалла деген сөздерге арабтың ғана тілі емес, бүкіл мұсылманға ортақ құлшылық сөзі деп қараған жөн. Алланы зікір ету сөздерін намаз, азан секілді құлшылықтан тыс арабшасын да, мағынасын басқа тілде де айтуға болады. Алайда құлшылық сөзі болғандықтан арабша айтқан дұрыс, - делінген мүфтия берген жауапта.