Елорда әуежайында FlyArystan әуе компаниясының Астана – Шымкент рейсінің жолаушылары рейстің кешігуіне байланысты жанжал шығарды.
Қазір ашулы жолаушылар түсірілген видеолар әлеуметтік желілерге жарияланып жатыр. Zhest_kz Telegram арнасының хабарлауынша, FlyArystan әуе компаниясының Астана – Шымкент рейсі 25 ақпан күні таңғы сағат 5:40-та ұшып шығуға тиіс болған.
Рейс ауа райының қолайсыздығына байланысты 10 сағатқа кешіктірілген. Бірақ басқа әуе компаниялардың ұшағы жарты сағаттан кейін ұшып кеткен. Біраздан кейін әуежайда ұшақ күтіп отырған жолаушыларға SMS арқылы рейстің мүлде тоқтатылғаны туралы хабарланған. Ашулы жолаушылар әуежайда жанжал шығарды, – делінген хабарламада.
Видеолардың бірінде кешіктірілген рейс жолаушысының әуе компаниясы қызметкеріне қол көтергенін көруге болады. Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
Осыған байланысты 20-ға жуық жолаушы әуе компаниясының өкілдеріне наразылықтарын білдіріп, белсенді түрде қарсылық көрсете бастады. Атап айтқанда, Т-2 терминалының екінші қабатындағы тіркеу үстелінде тұрып жеке заттарын, сөмкелерін және пластик бөтелкедегі ауыз суды лақтырды. Сонымен қатар, ақпараттық тіректер мен қорғаныш ленталары құлады, – деп хабарлады көліктегі ПД баспасөз қызметі.
Одан кейін Азаматтық авиация комитеті жанжал тудырған Fly Arystan әуе компаниясының Астана – Шымкент рейсі неге ұшпағанын түсіндірді. Ведомство мәліметінше, жолаушыларға өзгерістер туралы тиісті хабарламалар жіберілген. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ұшуды күту кезінде оларға салқын сусын мен ыстық тамақ та ұсынылған. Сондай-ақ өтініш білдірген барлық жолаушыға билет ақысы толық қайтарылып отыр.
Сонымен бірге Азаматтық авиация комитеті мен Авиация әкімшілігі бұл факті бойынша қосымша тексеру жүргізеді. Әуе компаниясы тарапынан заңбұзушылықтар анықталса, тиісті шара қолданылады, - деді комитет өкілдері.
Ал жолаушылардың біріне қатысты «Соққыға жығу» және «Ұсақ бұзақылық» баптары бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылған.