Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

"Соғылған кезде анасы сезген". Ақын Серікзат Дүйсенғазы қайғылы оқиғаның мән-жайын толық айтты

2 қаңтарда айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазының ұлы қайтыс болған еді. Ол қайғылы жағдай қалай болғанын толық мәлімдеді. Бұл туралы "Ел бағдарламасында" айтылды, - деп хабарлайды paryz.kz ақпарат агенттігі Massaget сайтына сілтеме жасап. 

"Соғылған кезде анасы сезген". Ақын Серікзат Дүйсенғазы қайғылы оқиғаның мән-жайын толық айтты
Фото: ашық дереккөз

Оның сөзінше, жаңа жылдан кейін шаңғы тебу оның отбасылық дәстүріне айналған. 

"Бұл жағдай 2 қаңтарда болды. Жыл сайын жаңа жылды тойлағаннан кейін достарымызбен, төрт отбасымыз балаларымызбен демалуға барғанбыз. Біздің ұл да кішкентай кезінен бастап тебеді. Жақсы тебеді, үйренген. Бірінші күні "Нұртау" деген шаңғы кешенінде тептік, ол - Бурабай мен Көкшетаудың ортасында, ертеңіне "Елікті" деген шаңғы кешеніне бардық. Ол "Зеренді" ауданына қарайды. Барған кезде "Елікті" "Нұртаудан" жақсы деп ойладық. Жарнамасы керемет, шындығында олай емес екен. Барған кезде жаттықтырушы сұрадық, кішкентай қызыммен бардым. Сәбит деген досым бар, ол да кішкентай балаларымен барды. Қалған үлкен балалар өздері теуіп жүрді. "Жаттықтырушы жоқ" деді. Қызыма өзім жаттықтырушы болдым, балама қарай алмаған себебім - сол. Содан ол (баласы - еск.) сол биіктен неше рет түскен. Оның сурет-видео, айғақтары бар. Соңғы рет түскеннің алдында Айболат досымыз түсіріп алған. Ол талдың қасына келіп тоқтаған", - деді Серікзат Дүйсенғазы.

Ақынның күмәндануына бір себеп қардың қалың болуы екен. 

"Қар қалың. Қалың болса, шаңғы қатты жүрмейді. Біз 4 жарымда кетуіміз керек. Ол сағат 4-тің мөлшерінде шығып кетеді. Тауға шыққанша 15-20 минут. 4-ке 9-10 минут қалған кезде анасы түсірген. Қасында бір жігіт бар. Сол беті түскен жоқ. Анасы видеоға түсіріп тұрды. Оны көрдім оны. Қасымнан күліп өтіп бара жатты. "Түседі ғой" деп, қызыммен түсіп кеттім. Содан іздедік. Кей кезде суретке түсіп жүреміз, сөйтіп жүрген шығар деп ойладым. Достарымыз да жоқ. "Солармен бірге жүрген шығар" деп алаңдаған жоқпын. Анасы "бала жоқ деп" мазасыздана берді. Алдында тіпті "бармайық" деген. Мен "барып келейік" деп қоймадым. Ары жүгіреміз, бері жүгіреміз, іздедік. Анасына "жалға алатын жерден сұра" дедім. Ол сол жаққа кетті. Соғылған кезде анасы сезіп тұр ғой. 1 жарым сағаттай іздедік. Олар білген, бір-біріне сілтеген. "Куәгерлер көрді" дейді. Олар "жедел жәрдемге, полицияға, төмендегі жігіттерге хабарлаған" дейді. Қасымызға қарда жүретін көлік келіп тұра қалды, артында тіркемесі бар. Қатты жүріп шығып кетті. "Не болды екен" деп қарап қалдық, сұрадық. Сөйтсе, "бір адам аяғын ауыртып алыпты, түседі" депті, енді біреулер "отын тасып жүр" депті", - деді ол.

Серікзат Дүйсенғазының айтуынша, баласын іздеп, 1 жарым сағаттай жүріп қалған.

"Қас қарайып бара жатты. Бәрі шаңғыларын өткізіп жатыр. Қуандықпен теуіп жүр деп ойладым. Бір кезде Қуандық түсіп келе жатыр. "Әлихан жоқ" дедім. Өңі қашып кетті. "Анасы (ақынның әйелі - еск.) ана жаққа кетті, қасына баршы" дедім. Қарасақ таудан қарда жүретін көлік түсіп келе жатыр. Тіркемесін тіркеп алған. Артында жамылғыға ораған бірдеңе бар. Әлихан болмаса екен деп Құдайдан тіледік. Аяғым жүрмей қалды. Тұрмын, аяғым жүрмейді. Құлап түсемін, еңбектеп жүремін, жүгіріп барамын. Бір кезде анасының айғайлаған дауысын естідім. Барсам балам жатыр, көгеріп кеткен. Анасы "әлі жылы" деп құшақтап үстінде жатыр. Жедел жәрдем шақырып қойған. Қызметкерлер қашып кеткен, өзіміз апардық. Барсақ, "полиция келсін" деп қозғалмайды. Бір кезде біреуі шешесіне қарап, "балаңыз жоқ, қайтыс болған" деді. Шешесі құлады, екеуміз екі жақта құладық", - деді ақын.

 

Еске салайық, бұған дейін Серікзат Дүйсенғазының ұлы қайтыс болғаны хабарланған еді. Айтыскер ақын марқұм ұлы туралы жантебірентерлік жазба жариялады. 

Сондай-ақ, кейінірек Серікзат Дүйсенғазының ұлы ажал құшқан курортта тағы екі қыз жарақат алғаны белгілі болды.