Көлігін жаңажылдық жарықтармен безендірген павлодарлық айыппұл арқалады (ВИДЕО)

Техникалық регламенттердің, ұлттық стандарттардың талаптарына сәйкес келмейтін көлік құралдарының жұмысына тыйым салынған.

Көлігін жаңажылдық жарықтармен безендірген павлодарлық айыппұл арқалады (ВИДЕО)
Фото: видеодан алынған кадр

Павлодар көшелерінде жаңажылдық гирляндалармен безендірілген такси жүргізушісіне айыппұл салынды, деп хабарлады paryz.kz, Павлодар облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Куәгерлер Instagram-да павлодарлық таксидің бірінде "Жаңа жылдық шырша такси" деген жазу ілінген таксидің видеосын жариялады. Түрлі-түсті шамдармен жарқыраған көлік павлодарлықтарды бей-жай қалдырмады.

Алайда полицейлер мұны қолдамады. Олар көлікті безендіру заңсыз деп отыр.

"Осы құқық бұзушылық үшін жүргізушіге қатысты ҚР ОАО 590-бабы, 5-бөлігі бойынша айып тағылып, әкімшілік іс қозғалды. Ол бап бойынша техникалық регламенттердің, ұлттық стандарттардың талаптарына сәйкес келмейтін көлік құралдарының жұмысына тыйым салынған. Сол себепті, көлік иесіне 6945 теңге көлемінде айыппұл салынды", - деп түсініктеме берді облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.