Прямая трансляция

Астана

Астана

-4.03°C

"Вакцинадан чиптер табылды" деген жалған ақпарат тарады

Шприцтердегі дәл осындай чиптерді интернет-дүкендер мен дәріханалардан оңай табуға болады. Сипаттамада олар ірі қара мен ұсақ малдарға арналған деп жазылған.

"Вакцинадан чиптер табылды" деген жалған ақпарат тарады
Фото: ашық дереккөз

Әлеуметтік желіде "Қазақстандықтарға арналған вакцинадан чиптер табылды" деген ақпарат тарап, көпшіліктің талқысына түсіп жатыр, деп хабарлады paryz.kz, stopfake.kz-ке сілтеме жасап.

Ролик авторы чиптері бар шприцтерді камераға көрсеткен. Кадр сыртындағы адам мұндай вакцинациядан кейін "адам бірден тозаққа түседі" дейді.

Алайда, шын мәнінде, бұл - фейк ақпарат, ролик авторының көрсеткені жануарларды чиптеуге арналған жүйелер. Оны кадрда көрінетін қаптамадағы жазудан білуге болады: Animal ID, ICAR Certified.

Шприцтердегі дәл осындай чиптерді интернет-дүкендер мен дәріханалардан оңай табуға болады. Сипаттамада олар ірі қара мен ұсақ малдарға арналған деп жазылған.

"Құрылғылар жануарларға тері астына енгізіледі және ақпарат беретін "паспорт" қызметін атқарады. Бұл шекарадан өткізілетін жануарлар үшін міндетті. Кейбір елдерде иелері мемлекеттен тыс шығаруды жоспарламаса да, кез келген үй жануарын чиптеу қажет", - деп жазады сайт.

Сондай-ақ дереккөз COVID-19 вакцинасының бір дозасын сатып алып, оны үйге әкелу мүмкін емес екенін атап өтті. Жаппай вакцинациялау науқандары әзірге тек Ұлыбритания мен АҚШ-та ғана басталған. Онда екпелер пациенттерге тек медициналық мекемелерде ғана жасалады. Қазақстанда азаматтарды вакцинациялау әлі басталған жоқ.