Танымал қазақстандық спортшы Дәулет Тұрлыханов Желіде дау тудырған ұлының әрекеті үшін кешірім сұрады, - деп хабарлайды Paryz.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы ол Instagram-парақшасында жазған.
"Ақпанның 11-не қараған түні Алматыда менің ұлым мен заңгерлердің арасында болған оқиғаға қатысты пікір білдіруді жөн деп таптым. Менің ұлым Нұрасыл кәмелет жасына толған, егер оның кінәсі дәлелденсе6 оған Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тиіс шара қолданылады. Сонымен бірге, мен ұлымның әрекеті үшін кешірім сұраймын", - деп жазған ол.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда әскери қызметкер белгілі заңгерді соққыға жыққаны хабарланған болатын.
Бұл оқиға туралы заңгер Олег Черновтың әйелі Анна Димитриевич Facebook-парақшасында жазған. Олар таксиге отыра бергенде бір жігіт жүгіріп келіп, соққыға жығылған қызға көмектесуін сұраған. Алматы ПД бұл дерек ҚР Қылмыстық кодекстің 293-бабы "Бұзақылық" бойынша соталды тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелгенін хабарлайды. Қылмыстық іс бойынша алғашқы тергеу әрекеттері жүргізіліп, сараптамалар тағайындалған.
Күдікті әскери адам болғандықтан, қазір іс материалдары соттылығын анықтау үшін қалалық Прокуратураға жіберілген.