Интернетте Президент жайлы ой айтқан қарт кісінің сөзі қызу талқылануда. Тіпті оны қолдаушылар көп, деп хабарлайды Paryz.kz ақпарат агенттігі Экспресс K сайтына сілтеме жасап.
Бейнежазба әлеуметтік желіде тарады. Видеода журналистің көшеде қарт кісіге Президент жайлы ойын білу үшін сұрақ қойғанын көруге болады. Көлік есігіне сүйенген қария болса әзіл-шыны аралас жауап айтады.
— Тоқаевты қолдайсыз ба?
— Әрине, ол өте ақылды азамат. Ағылшын тілін жетік біледі.
— Елдің ішкі мәселесін дұрыс шешуде ме?
— Иә, мұның бәрі халыққа байланысты ғой.
— Қалай? Ол Президент емес пе, елдің қамын ойлайтын адам, бақылауында ұстауы керек қой?
— Дәл қазір ол кісіге өте қиын. Назарбаевтар әулеті үлкен. Оның бәрін тамырымен құрта алмайсың ғой. Соның бәрімен істі бір жақты етпей қиын болары сөзсіз. Оның үстіне қазір бір әйелге ие бола алмағайсың. Ал бүтін халықты басқару оңай деп ойлайсың ба!
Қария мен журналистің диалогы осылай аяқталады. Желідегі жұрт бұл ойға сан түрлі пікір қалдыруда. Бірі қарт кісінің әр сөзінде шындық бар дегенді жазса, енді өзгелері тұрғынды мақтап әлек.