«Бірге намаз оқып жүргендер «арқамнан пышақ ұрды»: танымал кәсіпкер даулы жобалары жайлы

«Ақшамызды алып, уәдесін орындамай кетті». Бұл соңғы уақыттары басы даудан арылмаған кәсіпкер Көңілбай Шүкеновтің атына түсетін шағым. Пайызсыз үй алып, көлік мінеміз деген талай адам ақшасынан айырылды.

«Бірге намаз оқып жүргендер «арқамнан пышақ ұрды»: танымал кәсіпкер даулы жобалары жайлы
Фото: Azattyq Ruhy

Сырттай қарасаң бейне бір қаржы пирамидасының жаңа бір түрі іспеттес. Жарнасын төлесең неше түрлі жобалары қол бұлғап тұр. Жарнамасымен еліткенмен аяғында қаншама адам соңғы тиынынан қағылды. Azattyq Ruhy тілшісі осы орайда кәсіпкермен байланысқа шығып, мәселенің мән-жайын анықтап білді.

Соңғы жылдары қаржы пирамидасы қара халықтың қалтасын қағып, талай адамды зар жылатқан еді. Кәсіпкер бастаған жобалар да соның бір түріне ұқсайтындай.

«Дау-дамай деп жатырсыз. Кейінгі кезде рас, сұрақтар көбейіп кетті. «Аманат Хоум» және «Аманат Драйв» секілді көптеген жобалар жасап шығардық. Біздің басты мақсатымыз – баспананы, автокөлікті пайызсыз беру. Бірақ бұл менің өзіме тікелей пайда келсін деп, күнімді көре алмай жүріп жасаған жоба емес. Тауарлық белгісі менің атыма патенттелген, Қазақстанның зияткерлік меншік құқығын алғанмын.

Бірақ жағдай күрт өзгеріп кетті, дауыс беру арқылы бізден бөлініп кетті. Қазір аты бар да, заты жоқ. Олар менен кеткеннен кейін, атын өзгертуі керек болған. Кез келген жобаны бастарда заң, маркетинг, экономика, стратегиялық даму жоспарлары жазылады. Сол кезде сырттан, іштен келетін қауіптер бар, соның бәрі есептелінеді. Ең үлкен қауіп – инфляция, девальвация деп санап келдік. Бірақ қауіп қасымда жүрген адамдардан келді, бұл мен күтпеген оқиға болды. Өзіміз құрған жобадан шет қаламын деп ешқашан ойламаппын. Елді пайызсыз баспанамен қамтуға арналған жобам бізден бөлініп кетті. Өзім құрған жобаның қаржысы көбейгенде құжатқа жауапты қызметкерлерім қулықпен бөлініп кетті», - дейді кәсіпкер.

Көңілбай Шүкеновтің сөзіне мән берсек өзі құрған қордан, жобадан айырылып қалғандай. Өз сөзінде жағдайдың ушығып кетуіне қандай жағдай әсер еткенін қозғап өтті.

«Айырылып қалған жоқпын. Заңға және ішкі жарғымызға сәйкес дауыс беру процесі болды. Заңгерлер оны өткізді. Жан-жақтан салымшылар да келді. Бұл жерде халық таңдау жасады. Әрине, басында 2000-дай адам маған дауыс беріп, жеңіске жетуіме сәл қалды. Сол сәтте жұртқа белгілі азаматтар маған қарсы шабуыл жасап, жалған ақпараттар шығара бастады. Сонымен, көпшіліктің таңдауы бойынша «Аманат Хоум», Алматы қаласындағы қыздар және менен жобаны алып қойған танымал адамдардың бәрі бірігіп, бөлініп кетті. Командама қосылған адамдар көп құпияны білгеннен кейін әрі миллиардтаған ақшаны көрген соң ойлары өзгеріп, жеке бөлініп кетті. Олар өздері ғана кеткен жоқ, қордағы салымшыларды да алдаусырату арқылы өздерімен ерте кетті.

Ең жаманы, іштен шыққан жау жаман демекші, қасымда бірге намаз оқып, дастарқандас боп жүргендер арқамнан пышақ ұрды», - деп Көңілбай Шүкенов мән-жайды түсіндіріп берді.

Ал танымал адамдар деп кәсіпкер кімді меңзеп отыр? Дегенмен түсінбейтін бір жайт, жоба бөлініп кеткенмен «ақшамызды алып, уәде етілген үй-көлігімізді бермей кетті» деген сөз бәрібір тоқтаған жоқ. Мұның себебі неде?

«Танымал адам деп отырғаным – Балғынбек Имашев. Сол кезде бөлініп кеткелі тұрған жобаны «бізге қалдыр» деді. Мен келістім. Бірақ оларға қосылмаймыз деген 160 адамның ақшасын қайтарып беруді міндеттедім. Сонымен келістік. Мен өз уәдемде тұрдым. Ал олар сөзінде тұрмады. Жұрт баспана, көлік алу үшін қаражатын сеніп берген. Ал қордағы есепшіден бастап жауапты адамдар жағдайды хабарлап отыруы керек еді. Берілген тапсырмалар орындалып, жоспар жайлы біліп отыруым қажет болатын. Қордағы бірнеше әйел құжатқа тікелей жауапты болды. Бірақ кейінгі кезде олар есеп беруден жалтарып, түлі созбалаңға салып жүрді. Кейін маған қарсы неше түрлі компраматтар жинала бастады. Ақыры салымшылар да, қордағы адамдар да екіге бөлінді. Міне осылайша сол жобада қалып қойған адамдар ақшаларын да, үйерін де әлі ала алмай жүр», - деп Көңілбай Шүкенов мәселенің мәнісін жеткізді.

Алайда көңілге күдік ұялататын тағы бір мәселе. Оны да сұрамай кете алмадық. Бірер ай бұрын кәсіпкердің бастамасымен Ақмола облысының Аршалы ауданында шағын қалашық тұрғызып, көпбалалы жанұяларға дүние-мүлкі, жиһазымен бірге дайын үй берген. Елімізде көпбалалы отбасыларға арналған бағдарламалар бар. Ал кәсіпкер біреудің ақшасын алып, екіншісін жарылқап жүр ме?!

Кәсіпкер өз сөзінде елімізде отбасылық институттар ақсап тұрғанын қозғай келе материалдық мәселелерге бола шаңырағы шайқалғандар көп екенін тілге тиек етіп өтті.

«Екі пайыздық несиемен үй береміз дейді. Бірақ  банкке баруың, әкімдікке кезекке тұру керек. Олар кезекке тұрып келеді, алғашқы жарнасын да төлеп келеді, тағы да толып жатқан құжаттарды өткізеді. Ең артынан «біз жағдайы жоқ, толық емес отбасыға береміз» дейді. Содан адамдар амалсыз, «толық емес» деген мәртебені алу үшін құжат жүзінде ажырасады. Көпбалалы бола тұра, ажырасу керек. Сонда үйді он, он бес жылға несиеге алу үшін ажырасып кету керек.

Аршалыдағы «Бақытты отбасы» қалашығында қазір 5 отбасы тұрып жатыр. Ең азында 5 бала, ең көбінде 9 балалы жанұялар бар. Барлығы отызға жуық бала бар. 170 шаршы метрлік баспананы салып, тату-тәтті тұрып жатқан, балаларына жақсы тәрбие, білім берген отбасыларға тегін тарту еттік», - деп кәсіпкер сөзін аяқтады.