Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Мақат ауданының жүкті әйелдері Атырауға барып босануға мәжбүр

Соңғы екі жылда ауданда ана өлімі тіркелмегенімен, балалар арасында шетінеп кетіп жатқандар бар.

Мақат ауданының жүкті әйелдері Атырауға барып босануға мәжбүр
Фото: ашық дереккөз

30 мыңнан астам халқы бар Мақат ауданында медицина мамандарының жетіспеушілігі өткір күйінде тұр. Мәселен, лор, көз дәрігері атымен жоқ. Сол себепті, аудан тұрғындары бұл медициналық қызмет үшін 120 шақырымдағы Атырау қаласына сабылып жүр. Алайда, проблема мұнымен бітпейді, деп хабарлады paryz.kz, "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.

"Екі ай болды, лор, көз дәрігерінің кетіп қалғанына. Қарап отырған жоқпыз, жан-жақты байланыс орнатудамыз. Мәселен, биыл осындай жұмысымыздың нәтижесінде 7 жас дәрігер ауданымызға келді. Көбі - Оңтүстік облыстан. Оларға біржолғы қаржылай көмек, баспанамен қамту жайы оң шешімін табуда. Бұрынғыдай емес, дәрігерлер ауданға келіп қызмет етуде", - дейді Мақат аудандық ауруханасы директорының орынбасары Рыскүл Сайсекенова.

Қазір өзекті тақырыптардың бірі - акушерлік-гинекология саласы. Соңғы екі жылда ауданда ана өлімі тіркелмегенімен, балалар арасында шетінеп кетіп жатқандар бар. Былтыр бір жасқа дейін - 7, ал биыл 6 бала өлімі тіркеліп отыр. Олардың арасында төрт айлық сәби де бар. Негізі жүкті әйелдердің басым бөлігі облыс орталығына барып босануда. Жергілікті акушер-гинекологтардың өздері де түрлі созылмалы ауру, қан аздық салдарынан сол жерге баруға жолдама береді.

"Әлеуметтік мемлекеттік сақтандыру қорына аудан бойынша 2,5 мың адам ілікпеген. Олар - Жұмыспен қамту орталығына тіркелмегендер, кейбір жұмыс берушілер қорға уақытылы қаржы түсірмегендер. Бірақ алғашқы дәрігерлік көмек міндетті түрде беріледі", - дейді аудандық аурухана директорының емхана жөніндегі орынбасары Айгүл Елемесова.