Түркістан облысындағы Қарттар үйінде екінші рет 80-нен асқан қариялар шаңырақ көтерді. Олар №2 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тұрып жатыр, - деп хабарлайды Paryz.kz ақпарат агенттігі Almaty.tv-ға сілтеме жасап.
Ерлі-зайыпты осыдан 4 ай бұрын отбасын құруға бел байлаған. Қарттар үйінде 10 жылдан бері тұрып келе жатқан Салтанат Ешанқожаева жолдасын кезіктіргеніне қуанышты екенін айтты. Бір-бірін танып, шаңырақ көтергендеріне 4 айдан асқан.
"Демалып отырсам, қасыма келіп "мені сені ұнатып қалдым" деді. Мен сенен үлкенмін ғой десем, "ештеңе етпейді жасыңды бөлісіп аламыз" деп қалжыңдады", - деді №2 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тұрғыны Салтанат Ешанқожаева.
Жасымыз 80-нен асса да өзімізді сергек сезінеміз деген ерлі-зайыпты Қарттар үйінде уақытымыз өте көңілді өтеді дейді.
"Махаббат болуы керек. Сыйластық болған соң махаббат та болады ғой", - дейді №2 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тұрғыны Қашымбек Мұсақұлов.
Облыстық №2 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 167 адам бар. Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, мұнда бір-бірін ұнатып, отау құрғысы келетіндер жиі кездеседі.
"Орталықта 120 ер, 54 әйел және 49 мүмкіндігі шектеулі жан тұрады. Қазір келушілер саны азайды. Менің мұнда жұмыс істеп жатқаныма 8 жыл болды. Осы аралықта байқағаным, көбі отбасында әжелер қайтыс болған соң, атасын күте алмай, осында алып келеді", – деді №2 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкері Дашти Каримов.
Айта кетейік, орталықта қарияларға барлық жағдай жасалған. Дегенмен Қарттар үйінің өз шаңырағындай бола алмасы анық. Мұны ескерген мамандар, орталықты паналағандардың отбасына түсіндіру жұмысын жүргізген. Нәтижесінде, 7 қарияны туысы үйіне қайта алып кеткен.