"30 млн теңге": Арқалықта әуежай сатылымға шығарылды

Автордың айтуынша, әуежай аумағында бірнеше ғимарат пен ұшу жолағы бар. Хабарландыруда жер телімін фазенда ретінде пайдалануға болатыны жазылған.

"30 млн теңге": Арқалықта әуежай сатылымға шығарылды
Фото: ашық дереккөз

OLX сайтынан ғаламтор кеңістігінде Арқалық қаласындағы әуежайды сату туралы хабарландыру пайда болған. Жазба авторы әуежайды 30 млн теңгеге бағалаған, деп хабарлады paryz.kz.

Хабарландыру осыдан бірер күн бұрын ғана OLX сайтында жарияланған. Автордың айтуынша, әуежай аумағында бірнеше ғимарат пен ұшу жолағы бар. Хабарландыруда жер телімін фазенда ретінде пайдалануға болатыны жазылған.

"Тобол Инфо" басылымының хабарлауынша, желіде мұндай хабарландырудың пайда болғаны аудан тұрғындары арасында үлкен резонанс тудырған. Жергілікті халықтың басым көпшілігі бұл жер телімі әлі де ұшақтардың ұшуы үшін жарамды болуы мүмкін екенін алға тартты.

"Арқалық қаласының өзге өңірлермен байланысын нығайту аса маңызды. Туризм мен кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жалпы авиацияны, оның ішінде кіші авиацияны барынша дамытқан жөн" , - деп есептейді жергілікті тұрғындар.

Басылымның хабарлауынша, өңір әкімі бұған дейін әуежайдың жекеменшікке өтіп кеткенін мәлімдеген. Сонымен қатар, басылымның ақпаратына сәйкес, жергілікті халық өңір әкімінің есеп беру кездесуінде бұл мәселені көтеріп, Арқалықтан Қостанай мен Нұр-Сұлтанға әуе рейстерін ұйымдастыруды өтінген болатын.