Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Державинск қаласының тұрғыны трактор құрастырды

"Мен әртүрлі жауапты мекемелерге  хат жаздым. Биыл Мәскеуге де жолдадым. Бірақ нәтиже жоқ", - дейді өнертапқыш. 

Державинск қаласының тұрғыны трактор құрастырды
Фото: дереккөз

Ақмола облысындағы Державинск қаласының тұрғыны трактор құрастырды. Қолдан жасалған шағын техниканың қуаттылығы зауыттікінен әлдеқайда төмен, деп хабарлады paryz.kz, "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.

"Дегенмен, шаруашылыққа жарап тұр", - дейді өнертапқыш Тимур Мырзабеков.

Ол бала кезінен темір қалдықтарынан түрлі бұйымдар жасап алатын. Ал биыл шағын трактор құрастыруға білек сыбанып кіріскен. Ол үшін зауыт модельдерінің сызбасымен де танысып шықты. Содан кейін ғана өз нұсқасын әзірлеген. Ол тракторды не бары 2 айда құрастырған. Қосалқы бөлшектерге интернет арқылы тапсырыс берген. 9 аттың күші бар қозғалтқышын Қытайдан алдыртса, беріліс қорабы мен дөңгелегі "Жигулидікі". 

"Шағын трактордың көмегі көп. Оны өзің құрастырсаң әлдеқайда арзан болады. Мәселен, қытайлық осындай техниканың құны 1-1,5 миллион теңгені құрайды. Ал мен 270 мың теңге жұмсадым. Шаруашылыққа өте ыңғайлы", - дейді Державинск қаласының тұрғыны Тимур Мырзабеков. 

Тимурдың қолынан шыққан техникалардың ішінде жанына жақыны британдық үлгідегі ретро-автомобиль. Бұл көлікті ол 6 жыл құрастырған. Қосалқы бөлшектерін табу қиынға соққан соң кейбірін қолдан жасауға тура келген. Бірақ бұл техниканың құжаттарын заңдастыру автокөлік құрастырғаннан да қиын екен. 

"Қазіргі уақытта бізде кедендік регламент бар. Осыған байланысты құжаттарды рәсімдеуде біраз қиындық туындады. Бұл көлікті заңдастыру мүмкін емес. Мен әртүрлі жауапты мекемелерге  хат жаздым. Биыл Мәскеуге де жолдадым. Бірақ нәтиже жоқ", - дейді өнертапқыш. 

Тимур өзінің өнертабыстарын заңдастырудан әлі де үмітті. Ал әзірге оның шағын тракторы тек үй ауласындағы шаруаны тындыра тұрмақ.