Ақмола облысында үш адамнан тұратын отбасы өрттен қаза тапты, деп хабарлайды Paryz.kz ақпараттық агенттігі 716.kz сайтына сілтеме жасап.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, Атбасар ауданы Сочинское ауылында 2 пәтерлі жеке тұрғын үйден өрт шыққан.
Оқиға орнына азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері, «Шортанбай-2019» ЖШС ерікті өрт сөндіру жасағы және жергілікті тұрғындар дереу аттанды - деді Атбасар ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Ерболат Әшкенов.
Белгілі болғандай, №1 пәтердегі 80 шаршы метр аумақтан шыққан өрт 10 шаршы метрлік №2 пәтерге ауысқан. Өрт түнгі сағат 4:59-да оқшауланып, 5:35-те өшірілді.
Өрт орнынан үш адамның: 32 жастағы ер адамның, 31 жастағы әйел мен екі жасар баланың мәйіті табылды. Қазіргі кезде өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды - делінген хабарламада.
Ақмола облысының Төтенше жағдайлар депатаменті қазақстандықтарды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды сұрайды. Төтенше жағдайда «101» немесе «112» нөміріне хабарласыңыз.