Қызметтік тергеу нәтижелері бойынша қызметтік тәртіпті бұзғаны және құқық қорғау органының беделін түсіретін теріс қылық жасағаны үшін Ақтоғай ауданының ПБ учаскелік полиция инспекторы "Құқық қорғау қызметі туралы"Қазақстан Республикасы Заңының 80-бабы 1-тармағының 13-тармақшасы бойынша ішкі істер органдарынан босатылды - деп хабарлады Павлодар облысының полиция департаменті.
Естеріңізге сала кетейік, Павлодар облысы полиция департаментінің жеке қауіпсіздік басқармасы учаскелік полиция қызметкерінің бірнеше адамды ұрып-соғу фактісі бойынша қызметтік тергеу жүргізді.
Ақпарат бұдан бұрын әлеуметтік желілерде жарияланған. Куәгерлердің айтуынша, 5 ақпанда Ақтоғай ауданы Ақжол ауылының учаскелік полицейі ауылдастары мен әйелін ұрып-соққан, сондай-ақ қызметтік автокөлікпен мас күйінде жүріп, өзін тоқтатуға тырысқан тұрғындарға шабуыл жасаған.