Петропавлдық алаяқ зейнеткерлерді “ақша ауысады” деп алдаған

Ол осыған ұқсас қылмысы үшін Нұр-Сұлтанда бұрын сотталған 43 жастағы әйел болып шықты.

Петропавлдық алаяқ зейнеткерлерді “ақша ауысады” деп алдаған
Фото: ашық дереккөз

Петропавлда зейнеткерлерді ақша ауысады деп алдап, бар ақшасын алып кеткен алаяқ ұсталды деп хабарлады paryz.kz, polisia.kz-ке сілтеме жасап.  

Полицияға 78 бен 99 жас аралығындағы қаланың бірнеше тұрғыны арызданған. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын үш миллион теңгеден асады.

Өзін медицина қызметкері ретінде таныстырған əйел зейнеткерлерді профилактикалық тексеріс жүргіземін деп сендірген. Əңгіме барысында алаяқ оларға зейнетақыға үстеме ақша қосылатынын немесе бір айға 42 500 теңге түсетіндігін, ал екінші айдан бастап ақша ауысатынын хабарлаған.

Осылайша, əлгі əйел зейнеткерлердің бар қаражатын кезек күттірмей ауыстырып бере алатындығын жеткізген. Мұны естіген қарттар өздерінің жинаған ақшасын алаяққа көрсеткен. Əйел қарт адамдарды жуынатын бөлмеге анализ сынамаларын өткізуге дайындалуға жіберіп, ал өзі барлық ақшаны алып, көзден таса болған.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері алаяқтың жеке басын анықтады. Ол осыған ұқсас қылмысы үшін Нұр-Сұлтанда бұрын сотталған 43 жастағы әйел болып шықты. Полицейлер алаяқты тағы бір сәтті қылмысынан кейін автобуста келе жатқан жерінен ұстады.

Қазіргі таңда тəртіп сақшылары қарттар тұратын пәтерлерді дəл тауып отырған алаяққа кім көмектескенін анықтап жатыр.