Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

Құмарлыққа салынған алматылық жігіт букмекерлік кеңседе 50 млн теңге ұтылған

Елімізде орта есеппен 350 мың адам құмар ойынның құрбанына айналған. Олардың орташа қарызы 10 млн теңгеден асады деп мәлімдейді Paryz.kz ақпараттық агенттігі Halyq Uni сайтына сілтеме жасап.

Құмарлыққа салынған алматылық жігіт букмекерлік кеңседе 50 млн теңге ұтылған
фото: opennews.kz

Түрін жасыруды өтінген Қуат есімді жігіт – құмар ойындарының құрбаны. Айтуынша, оны бұл іске досы итермелеген. Спортқа қызығушылығы басым жігіт студент кезінде бәс тіге бастапты. Алғашында 1 мың, кейін 5 мың теңге салған. Уақыт өткен сайын тігетін сома да өсе береді. Құмарлықтың жетегінде жүріп, 50 млн теңгесінен қалай ұтылып қалғанын аңғармай қалған, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.

Біраз қиындықтар болды. Оқудың ақшасын ұтылдым. Оқудан шығып қалған жайым бар. Сол уақыттан бері есептегенде букмекерлік контораларда 40-50 млн теңге ұтылдым ғой. Банктен несиелер алдым, микронесие беретін ұйымдарға жүгіндім. Автокөлігімді ломбардқа қойдым. Өз-өзімді қадағалаудан айрылдым, - дейді Алматы қаласының тұрғыны.

Өздігімен ойынқұмарлықты жеңе алмайтынын түсінген Қуат кейін арнайы оңалту орталығына баруды жөн көрген. Бүгінде ол дертінен айыққан. Казино мен букмекерлік кеңселерден пайда таппайтынынын түсінген.

Ойынқұмарлықты әр адам әртүрлі жолмен жеңеді. Ол үшін кемінде 2 айдан 9 айға дейінгі уақыт кетеді дейді мамандар. Арнайы оңалту орталықтарында құмарлықпен күресу үшін психотерапевттер тренингтер мен жаттығулар жүргізеді.

Құмар ойын ойнайтындар алғашқыда мұның арты неге апаратынын түсінбейді. Олардың бойын қызығушылық билейді. Әрине, олар бір мезетте бұл дертті жеңе алмайды. Кейбір адамдарға қоғамнан оқшаулануға тура келеді. Біздің орталықта науқастардың 30 пайызы ойынқұмарлықты түбегейлі жеңген. Ем алғандармен байланысымызды үзбейміз, - дейді оңалту орталығының бағдарламалар жетекшісі Руслан Латифулин.

Ал заңгерлер елімізде құмар ойындарға толығымен шектеу жоқ екендігін айтады. Мәселен, казино мен ойын автоматтары бар залдардың қызметіне тек Қонаев қаласы мен Ақмола облысының Щучинск ауданында рұқсат етілген. Бірақ бұл талап толық сақталып отырмағанға ұқсайды.

Қазақстан Республикасында «Ойын бизнесі туралы» заң бар. Ол заңның 15,1 бабында ойынға құмар азаматтарды шектеу көрсетілген. Ойынға құмар азамат өз қолымен ойындық қызмет көрсететін мекемеге арызданады. Солай ол арнайы реестрге енеді. Одан кейін ойын қызметін көрсететін орталықтар оны өзіне қабылдай алмайды, - дейді заңгер Бағдат Амандосұлы.

Құмар ойынның құрығы тым тереңдеп бара жатыр. Қармағына түссең, сытылып шығу оңай емес. Басты қателік – көпшіліктің бәс тігуді ермек, спортқа жанкүйерлік санауында.