Астана тұрғынының конькимен сырғанаған видеосынан кейін әкімдік тротуарға құм сепкен

Астана көшелерінде конькимен сырғанаған жігіттің видеосы әлеуметтік желілерде тарады. Желі қолданушылары мен БАҚ өкілдері конькишінің бейнесін көрсетіп, елорда тротуарларымен жүру мүмкін емес екенін айтты. Тіпті Астана қалалық әкімдігі де осыған назар аударды. Stan.kz тілшісі мұздың үстінде конькимен жүрген тиктокермен тілдесіп, оның видео түсірудегі мақсаты мен қызығушылықтарын сұрап білді.

Астана тұрғынының конькимен сырғанаған видеосынан кейін әкімдік тротуарға құм сепкен
Фото: видеодан скриншот

Соңғы уақытта бейнежазбасымен танылып жүрген Диас Әбдірахманов – Астана қаласында коньки және роликпен сырғанауға үйрететін кәсіби жаттықтырушы. Ол коньки және роликпен экстремалды сырғанаумен айналысады. Сондай-ақ, воркаут – көше гимнастикасы спортшысы әрі фитнес орталығында спортқа қызығатындарды жаттықтырады.

Оның айтуынша, көше бойында сырғанаған бейнежазбасы көп қаралым жинап, қоғамдық пікір тудырды. Тиктокер видеосы осылай танымал болып кетеді деп ойламағанын айтты. Ол видеосын бірнеше парақшалардан көріп, таңғалған. Диас мұндай идея қайдан келгенін айтып берді.

 “Үйге қайтып бара жатқанымда, айналаның бәрі мұз тайғақ болды. Сол кезде ішімнен “мына жер мұз айдыны сияқты, конькимен жүріп өтсе де болады екен” деп ойладым. “Қызық, конькимен сырғанасам, мына мұз шыдай алар ма екен?” дедім де, соны жасап көргім келді. Содан кейін бұл ойымды оператор досыма айтып, тексеріп көрдік. Келесі күні сырғанап, видеоға түсірдік”, – деді тикток жұлдызы.

Спортшының айтуынша, оның қаладағы жаяу жүргіншілер жолы мәселесін көрсету ойында болмаған. Ол бұрыннан спорттық-көңіл көтеру форматында контент жасап, әлеуметтік желілерде бөліседі. Бұл да жай көңіл көтеретін контент үшін түсірілді. 

“БАҚ құралында осы бейнелерді қосып, журналистер Астанадағы мәселені көрсетуге тырысты. Расымен, қазір елорданың жағдайы осындай. Көшелер тайғақ. Осыдан кейін тіпті әкімдіктің өзі маған жазып, көшелерге құм себілгенін, мәселені шешкенін мәлімдеді”, – дейді Әбдірахманов.

Спортшының айтуынша, ол видеода сырғанап өткен көшелерге толық құм себілген. Ол кішігірім бейнежазба арқылы қала тіршілігіне өзгеріс әкелгенін мақтанышпен айтады. Десе де кей көшелер әлі де тайғақ.

“Тағы да бір-екі жерде сырғанап қайтамын-ау”, – деп әзілдеді ол.

@dias.r11

И потом домой на коньках😌⚡️

♬ WORTH NOTHING - Fast & Furious: Drift Tape/Phonk Vol 1 - TWISTED