Шымкентте тұрғындарды мемлекеттік емханадан жеке меншікке ескертусіз ауыстырған

"Мына жеке меншік емханада басында бізді терапевттің орнына гинеколог қабылдады. Мамандары жеткіліксіз..." - дейді қала тұрғыны Шолпан Апсеметова.

Шымкентте тұрғындарды мемлекеттік емханадан жеке меншікке ескертусіз ауыстырған
Фото: ашық дереккөз

Шымкенттің Абай ауданы Самал-3 шағын ауданының тұрғындарын ескертусіз мемлекеттік емханадан жеке меншікке ауыстырып жіберген. Сол себепті, олар медициналық жәрдемді уақытылы ала алмай отырған көрінеді, деп хабарлады paryz.kz, "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Жеке меншік емдеу мекемесі тұрғылықты мекен-жайдан алыс екен. Тұрғындар қазан айынан бері әкімдікке бірнеше рет хат жазыпты. Алайда, жергілікті шенеуніктер жұрттың өтінішіне әлі күнге жауап жазбапты.

"Әкімдікке, департаментке жаздық. Ешқайсысы бізді қайтармай жатыр. Қазақстан азаматы қай емханада емделемін десе де өз еркі деп айтылған. Мына жеке меншік емханада басында бізді терапевттің орнына гинеколог қабылдады. Мамандары жеткіліксіз. Ол жаққа қоғамдық көлік жүрмейді. Қарияларымызды таксимен алып барып жатырмыз", - дейді Шымкент қаласының тұрғыны Шолпан Апсеметова.

Десе де бұған жауапты мекеменің айтар өз уәжі бар екен.  

"Бізде мынау емханаларда өте көп - 60-70 мың халық бар. Емханаларда сапа төмендемеу мақсатында жасалатын орталықта жаңадан бой көтерген бізде шағын аудандар бар. Қазір кез келген Қазақстан Республикасының азаматы өзінің еркінде, кез келген емхананы таңдап кіре алады және тіркеле де алады", - дейді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бақытжан Позилов.