Прямая трансляция

Астана

Астана

-4.03°C

Ордабасында прокурор бұрынғы полицейлерді 8 жылға соттауды сұрады

"Жарасовтың екі аяғын біріктіріп скотчпен ораған. Екі қолын артқа байлап, белін басып, шашынан тартқан. Екеуінің де басына противогаз кигізіп, тұншықтырған", – деді прокурор.

Ордабасында прокурор бұрынғы полицейлерді 8 жылға соттауды сұрады
Фото: ашық дереккөз

Кеше Түркістан облысының Ордабасы аудандық сотында прокурор "азаптау" және "өзін-өзі өлтіруге жеткізу" айыбымен күдікке ілінген Отырар аудандық полиция басқармасының бұрынғы 3 қызметкерін 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Бұл туралы сот залынан Азаттық тілшісі хабарлады.

Жарыссөзде сөз алған прокурор Мұрат Ибраевтың сөзінше, айыпталушылар Жасұлан Сейітжаппар, Қанат Налмишов, Сағадат Жандарбек Отырар аудандық полиция басқармасында жұмыс істеген. Олар мал ұрлады деп күдікке ілігіп, аудандық полиция басқармасына әкелінген Жарасов пен Салханов деген азаматтарды азаптады деп айыпталып отыр.

"Жарасов пен Салханов 4 сиырды ұрлағанын мойындамаған соң Жандарбек, Налмишов, Сейітжаппар олардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне тиетін сөздер айтып қорлап, азаптап, физиологиялық-психологиялық, моральдық қысым көрсеткен. Жарасовтың екі аяғын біріктіріп скотчпен ораған. Екі қолын артқа байлап, белін басып, шашынан тартқан. Екеуінің де басына противогаз кигізіп, тұншықтырған", – деді прокурор.

Прокурор айыпталушылардың айыбы сот тергеуінде дәлелденгенін айтып, соттан оларды Қылмыстық кодекстің "Азаптау" (146-бап) және "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" (105-бап) баптарымен кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айырып, 3 жылға дейін полицей болып жұмыс істеуге тыйым салуды және шенінен айыруды сұрады. Жәбірленушілер мен олардың қорғаушысы прокурордың сөзін қолдады.

Ал айыпталушылар мен олардың қорғаушылары тағылған айыппен мүлде келіспейтінін айтты. Сағадат Жандарбектің пайымдауынша, Отырар аудандық прокуратурасы қызметкерлерінің Ордабасындағы полицейлерді айыптауына "жеке мүдделері" түрткі болған.

Бұрынғы полицейлердің адвокаты Молдабай Мырзакелдиев айыпкерлерге "жалған арыз құжаттары" негізінде айып тағылған деп, істе қылмыстық құқық бұзу болмауына байланысты ақтау үкімін шығаруды сұрады.

Судья Алтай Қалықұл соттың келесі отырысын 14 желтоқсанға қалдырды.