Шымкентте әйелін өз көлігінде пышақтап өлтірген ер адам сотталды

Шымкентте әйелін өз көлігінде пышақтап, қала ішінде алып жүрген ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Ол 11 жылға бас бостандығынан айырылды, деп мәлімдейді Paryz.kz ақпараттық агенттігі Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Шымкентте әйелін өз көлігінде пышақтап өлтірген ер адам сотталды
фото: ашық дереккөзден

Қорлықпен көз жұмған әйелдің жақындары бұл үкіммен келіспей отыр. Олар жазаның тым жұмсақ болғанына наразы.

Өткен жылдың тамыз айында көлік ішінде өз әйелін пышақтап өлтірген азаматқа қатысты сот үкімі шықты. Оқиға 2022 жылы 31 тамызда түскі уақытта болған еді. 1 жыл бірге өмір сүрген ерлі-зайыпты заңды некеге тұрмаған, тек мешітте ғана некелерін қидырған. Сот залында айтылған дерекке сүйенсек, жұбайлардың арасында ұрыс-керіс жиілеген соң, екі тарап ажырасуға шешім қабылдапты. Алайда, марқұмның туыстарының айтуынша күйеуі әйелін сөйлесуге шақырып, көшеде өлтірген. Тергеу кезінде 50 жастағы ер адам «бәріне қызғаныш себеп болғанын» айтқан. 

«Қызғаныш сезім салдарынан азаматтық некедегі әйелі болған Пирманованың мойнының оң жақ беткейінен, кеуде торының алдыңғы сол жақ және артқы оң жақ тұстарынан асханалық пышақпен бірнеше рет соққылар беріп, оған құқыққа қарсы, қасақана қаза келтірген. Қабылбаев Ермек Саркулович ҚК 99 бабының 1 бөлігінде қарастырылған құқықбұзушылық белгісімен кінәлі деп танылсын», - деді судья Әбсаттар Шахидинов.

Сот шешімімен қылмыскер 11 жылға түрмеге қамалады. 

«Үкіммен келіспеймін. Қатаң жаза беру керек еді. Үйімде отырған қызды көшеде ұстап алып, 10 минуттың ішінде пышақтап отыр. 12:30- да қызымен сөйлеседі. 12:40-та мен жеңшелеріңді өлтіріп алдым дейді. Екі сағат машинаға салып алып, көшені қыдырып, әпкесінің үйіне апарады», - дейді марқұмның анасы Назифа Қыстаубаева.

Бұрын бір рет некеде болған Раушан Пирманованың артында кәмелетке толмаған екі қызы қалды. Сот оның жақындарына моральдық шығын ретінде 10 млн теңге өтеуге шешім шығарды. Ал жаза мерзіміне келіспеген отбасы аппеляциялық шағым түсіретіндерін айтады.