"Төрт рет пышақ сұққан": Шымкентте мұсылмандық некедегі әйелін қызғаныштан өлтірген азамат жауапқа тартылды

Шымкентте 9 қаңтар күні қалалық сот 39 жастағы жергілікті тұрғын Раушан Перманованың өліміне қатысты іс бойынша үкім шығарды. Әйелдің өліміне мұсылмандық некедегі азаматтың қызғанышы себеп болған, деп мәлімдейді Paryz.kz ақпараттық агенттігі.

"Төрт рет пышақ сұққан": Шымкентте мұсылмандық некедегі әйелін қызғаныштан өлтірген азамат жауапқа тартылды
фото: smotrim.ru

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше 50 жастағы Ермек Қабылбаев қызғаныштан бірге тұратын әйелді өлтіріп, полицияға қылмысын мойындаған. 

Раушан Перманова өткен жылдың наурыз айында Ермекпен мұсылмандық некеге отырған. Әйел 29 тамызда көз жұмды. Өлім туралы куәлікте оның мойынында көптеген жарақаттар болғаны жазылған. Туыстарының айтуынша, мәйітханадағылар сараптамасы бойынша Раушан екі минут ішінде қайтыс болған. Ер адам оның мойын тамырына, жүрегіне, балтырына шамамен төрт рет пышақ сұққан. Пышақ іздерінен басқа, олар көгерген жерлерді көргендерін айтады.

Сот қорытындысы бойынша Ермек Қабылбаев Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеу туралы үкім шықты. Сот оны марқұмның отбасына 10 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттеді. 

Жәбірленуші ретінде әрекет еткен Перманованың ағасы Ержан Қыстаубаев жазаны жеткіліксіз деп санайды. Оның айтуынша, ер адам Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру") бойынша сотталуы керек еді.

“Аса қатыгездікпен кісі өлтіргені үшін сот оны кем дегенде 20 жылға соттауы керек еді. Бірнеше жылқы ұрлағандардың өзін 10-12 жылға бас бостандығынан айырып жатады. Оның қасында бұл әпкемді аяусыз өлтірген адам болғандықтан 11 жылға бас бостандығынан айыру аз”, - деді Қыстаубаев.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Смадияр Алманов тергеу тарапынан процессуалдық қателер болғанын мәлімдеді. Сөзінше, Қабылбаев жедел жәрдем шақырудың орнына әйелді көлікке салып алып кетіп, ұрып-соққан, кейін пышақ сұққан. Адвокат бұл ерекше қатыгездікпен кісі өлтіру бабы бойынша тергелетін іс. Адвокат үкімге апелляциялық шағым түсіруге ниетті екенін айтты.