Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Су мен газ жүргізген құбырдың салдарынан Түркістан облысының ауылы балшыққа батып отыр

Түркістан облысында 40 мың тұрғыны бар үлкен ауыл балшыққа батып отыр, деп мәлімдейді Paryz.kz ақпараттық агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Су мен газ жүргізген құбырдың салдарынан Түркістан облысының ауылы балшыққа батып отыр
фото: ktk.kz

 Ордабасы ауданындағы Шұбарсу ауылында көлік тұрмақ, жаяу адам жүре алмайды. Елдімекенге су мен газ жүргізген мердігерлер құбырдың бетін нығыздамай кетіпті.

Соның салдарынан белуардан батпаққа батқан тұрғындар жүріп-тұру қиындады дейді. Толарсақтан саз кешкен тұрғындармен КТК тілшісі тілдесті. Шұбарсу ауылының тұрғындары екі жылдан бері көшеде жүруден қалды. Өйткені жаңбыр, не қар жауса, айнала ми батпаққа айналады. Ал, бұған екі жылдан бері су мен газ жүргізіп жатқан мердігерлер кінәлі екен. Жерді қазып құбыр тастаған соң үстін нығыздамай кете беріпті.

Ауылда көшеде көлік жүрмейтін болған. Себебі, батпаққа батып қалған техниканы сүйреп шығару қып-қызыл бизнес көзіне айналған. Зығырданы қайнаған кей тұрғын жабылып көшеге тас төсеп алған.

Ордабасы ауданының жолға жауаптылары мердігерлердің мәселесін майшаммен қараймыз дейді. Тіпті ауылға инфрақұрылым толық жүргізілген соң, көшелерді асфальттау жоспарланған. Әзірге лайға айналған жолдарға тас төсеп береміз дейді шенеуніктер.

 «Бірінші кезекте осындай аумақтарда тас төсеуге 138 миллиондай қаржы қаралды.  40 километрге жуық, 35 километрге. Тұрғындардың өтінішіне сәйкес осындай жарамай қалған жолдардың батпағы шығып кеткен жолды қалпына келтіріп беріп жатырмыз», - дейді Ордабасы ауданы ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы Асқар Балабиев.

Шұбарсу ауылының өзінде ішкі жолдардың ұзындығы 395 шақырым. Соның тек 25 шақырымында ғана асфальт бар. Ауылға толық тас жол төсеуге шамамен 7 миллиард теңгедей қаржы керек. Бірақ, ондай қыруар қаражаттың бөлінер-бөлінбесін аудан атқамінерлері айта алмады.