Белгілі айтыскер Сырым Әуезхан екі айлығында тастап кеткен әкесімен әлі күнге ара-қатынасын үзбегенін айтып, «Менің өмірім» бағдарламасында жан сырын ақтарды, деп жазады paryz.kz ақпарат агенттігі nur.kz сайтына сілтеме жасап.
«Қостанай облысы, Әулиекөл ауданында дүниеге келгенмін. Кейін екі айлығымда Алматы облысына ауыстым. Екі жасымда сол кездегі Ақмола, қазіргі Астана қаласына ауыстым. Анам тәрбиелеп өсірді. 22 жасыма дейін өмірімді Астана қаласында өткіздім. Екі айлығымнан бастап әкемнен бөлек тұрамыз.
Алғашында туыс әпкемнің үйінде тұрдық. Он жылдай гуманитарлық колледждің жатақханасында тұрдық. Кейін мемлекеттен муниципалдық үй сыйланды. Анам Астанаға келген жылдары үйге кезекке тұрған екен. Муниципалдық үйді мемлекетке тапсырып, кейін жаңа үйді алдық. Анамның тәрбиесінде өсіп жетілдік. Осы күнге дейін анам өзі тәрбиелеп, баптап, бізге барлық қуатын, күшін жұмсап өсірді», - деді айтыскер.
Сонымен қатар Сырым Әуезхан әкесімен әлі күнге байланысын үзбегенін және осы үшін анасына алғыс білдірді.
«Әкемнің көзі тірі. Сол кездегі белгілі жағдайларға байланысты толықтай өсіп-жетілуіме атсалыса алған жоқ. Мені анам тәрбиелеп шығарды. Әкеммен де қарым-қатынасым жақсы. Немерелерін көрсетіп, қазір де барып, байланысып тұрамыз. Екі айлығымнан бастап әкемнен бөлек тұрамыз. Бірақ жиі Қостанайға барып, әкеммен байланысып тұрдым. Әкенің алдындағы парызымыз, борышымыз бар. Қостанайдағы туыстармен байланысты үзбеуге тырысамыз. Ол кісіні қуантуға, қызмет қылуға, жақсылық жасауға тырысамыз.
Анама Алла разы болсын! Әкемді ешқашан маған нашар адам етіп көрсеткен жоқ. Анамның ерлігі, азаматтығы десе де болады. Өмір болғаннан кейін адамдардың ойламағаны болып жатады. Жақсы нәрсе емес, бірақ кейде адамдардың екі жаққа кетуі заңды нәрсе. Әкемнің екі баласы бар», - деді айтыскер.