2022 жылдың 15 қарашасында Шымкенттегі N1 қалалық клиникалық ауруханасына жатқан жүкті әйел биыл 2 қаңтар күні мерзімінен бұрын ұл бала дүниеге әкелді, деп хабарлайды paryz.kz ақпарат агенттігі Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.
Қаңтар айының басында әйелдің жолдасы мен жергілікті еріктілер «дәрігерлер келіншектің денсаулығына немқұрайлық танытып жатыр» деген пікірін жазған болатынбыз. Дәл сол ақпаратта жергілікті денсаулық сақтау басқармасы жүкті әйел өте ауыр халде келгенін, оның өмірін құтқару үшін басқа ауруханаға ауыстырылып жатқанын хабарлаған еді. Дәрігерлердің бүгінгі мәлімдемесіне сүйенсек, жүкті әйел босанғанға дейін соқырішек және тағы басқа бірнеше қауіпті диагнозбен ауруханаға түскен екен.
«Дәрігерлер жүкті әйелден «гангренозды аппендицит» анықтап, оны хирургиялық жолмен алып тастаған. Ішінде шаранасы бар әйелде отадан кейін асқынулары көп болған. Себебі пациентте аппендициттен бөлек, екі жақты пневмония, тері бүйрек бауыр зақымдануы, созылмалы бүйрек аурулары болған. Бұған қоса науқасқа дәрігерлер «жүйелі қызыл жегі» диагнозын қойған», - деп хабарлайды дәрігерлер.
Осыған байланысты әйелдің жағдайы күннен-күнге нашарлай берген.
«Екі адамның өмірі үшін күрескен дәрігерлер тәулік бойы жансақтау бөлімінде медициналық көмек көрсетіп, бірнеше рет білікті мамандардың қатысуымен консулиум өткізген. Ауыр халдегі науқасты дәрігерлер ИВЛ аппаратына қосты», - деп отыр дәрігерлер.
Осылайша, ішіндегі баланы 24-25 аптасына дейін жеткізген мамандар биыл 2 қаңтар күні толғағы ерте келген әйелді босандырып алған. Шақалақтың салмағы небары 685 грамм болған. Науқас ұл бала босанған.
«Ауыр халдегі сәби қалалық перинаталдық орталықтағы балаларға арналған жансақтау бөліміне ауыстырылды. Дәрігерлер шала туған нәрестеге мамандандырылған медициналық көмек көрсетіп жатыр. Ал босанған әйелдің жағдайы бүгінде жақсарып, жансақтау бөлімінен палатаға ауысты. Қазір жағдайы тұрақты. Денсаулығы жақсарған жас ананы дәрігерлер осы апта ауруханадан шығаруды жоспарлап отыр», - деп хабарлайды жергілікті мамандар.