Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Жамаубаев "бюджет жыртығын" 1,5 млрд еуро қарызбен жамамақ па?

"Қарыздар COVID-19 пандемиясының салдарына қарсы күрес және экономиканы қалпына келтіру бойынша Үкімет шараларын қолдауға мүмкіндік береді", - дейді Қаржы министрі. 

Жамаубаев "бюджет жыртығын" 1,5 млрд еуро қарызбен жамамақ па?
Фото: ашық дереккөз

Қазақстан коронавирус пандемиясының салдарымен күресу және экономиканы қалпына келтіру бойынша үкіметтік шараларды қолдау үшін Азия Даму банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен 1,5 миллиард еуродан астам қарыз алатын болды, деп хабарлады paryz.kz.

Тиісті заң жобасы бүгін Сенаттың пленарлық отырысында қабылданды. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, Азия Даму банкі – 908 млн 596 мың еуро қарыз береді. Оны өтеу мерзімі екі бөлікке бөлінген. 454 млн 298 мың еуро сомасындағы қарыздың бір бөлігі, яғни жартысы 3 жылдық жеңілдік кезеңді қоса алғанда 10 жыл мерзімге беріледі. Ал қалған 454 млн 298 мың еуро сомасындағы екінші жартысы 3 жылдық жеңілдік кезеңді қоса алғанда 5 жыл мерзімге беріледі. Сыйақы мөлшерлемесі ‒ Еурибор+0,50%.

Азия Инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің қарызы 661 млн 800 мың еуро екен. Ол 3 жылдық жеңілдікті кезеңді қоса алғанда 10 жыл өтеу мерзіміне беріледі.

"Қарыздар COVID-19 пандемиясының салдарына қарсы күрес және экономиканы қалпына келтіру бойынша ҚР Үкіметінің шараларын қолдауға мүмкіндік береді. Келісімдерде белгiленген қаржылық шарттарға сәйкес қарыздарға қызмет көрсету және оны өтеу республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын болады", - деді министр.

Бұл қаражат Азия Даму банкінің және Азия Инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің пандемияға қарсы күрес жөніндегі арнайы бағдарламалары шеңберінде Қазақстан Республикасы үшін резервтелген.