Мефедрон сақтаған студент ұсталды

Шымкентте аса ірі мөлшердегі есірткі заттарын өзімен бірге сақтап, тасымалдап алып жүрген 20 жастағы жігіт  ұсталды деп мәлімдейді Paryz.kz ақпараттық агенттігі.

Мефедрон сақтаған студент ұсталды
фото: Inbusiness.kz

Inbusiness.kz хабарлауынша Аталған азамат Солтүстік Қазақстан облысынан Шымкент қаласына оқуға келіп, осындағы жоғарғы оқу орындарының бірінде 3-курста оқып жүріп, қаладағы жалдамалы пәтерде жалғыз өзі уақытша тұрып жүрген.

Жеке тінту барысында студенттің сөмкесінен полиэтиленді пакетке салынған ақ түсті ұнтақ тәріздес есірткіге ұқсас зат тәркіленіп алынды.

Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат мефедрон екендігі расталып, жалпы салмағы 495 грамды құраған.

Сонымен қатар тұрғылықты мекенжайын тінту кезінде оның пәтеріндегі сейфтің ішінен 20 дана полиэтиленді пакеттерге оралған есірткіге ұқсас заттар мен тағы 300 грамнан аса сол секілді заттар тәркіленіп алынған.  

Бүгінде аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігімен (Аса ірі мөлшердегі есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.